Франция қазақтары атажұртпен байланысты нығайтуға ниетті

Түркиядан Францияға қоныс аударған қазақ диаспорасының жаңа басшылығы атажұртпен байланысты нығайтуға ниетті, деп хабарлайды 24kz.

Франциядағы Қазақстан елшілігі Түркия қазақтары қауымдастығының өкілдерін шашу шашып, қарсы алды. Іс-шара аясында «Jenys» кәсіби дзюдо клубы сыйға тартқан киіз үй таныстырылды. Қазақ дипломаттары оны мәдени және басқа да бірлескен іс-шараларда тігіп отырады. Алдағы Наурыз мерекесі соның бастамасы болмақ. Басқосуда Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлова диаспора өкілдеріне елдің дамуы мен реформалар және тұрғындарды қолдау шаралары туралы айтып берді. «Отандастар» қоры арқылы ынтымақтастық орнату мүмкіндіктеріне тоқталды. Кездесу қорытындысы бойынша диаспора өкілдерінің атажұртпен байланысын нығайту және ондағы жастардың ұлттық болмысын сақтап қалуына көмектесу үшін бірлескен мәдени, спорттық іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұру шешілді.