Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады — Қ. Тоқаев

t.me/aqorda_resmi

Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Мемлекет басшысы «Жаңа адамдар» форумында осылай деп, отаншыл жастарды әрдайым қолдайтынын жеткізді. Кейінгі буынға «Қазақстанды көркейту – қастерлі парыз», – деді.

Президент көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың әр жетістігіне қуанады әрі бастамаларын қолдайды. Келелі кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға сенім артатынын жеткізіп, Әділетті Қазақстанды жастардың жасампаздық қуатының арқасында құратынымызға сенім білдірді. Ордалы отырыста тағы не айтылды?

Президент «Жаңа адамдар» форумында сөз сөйледі

 «Жаңа адамдар» – кемел қоғам құру жолындаға жасампаз жастар қозғалысы. Кейінгі ұрпақтың үні һәм үміті. Бірлестік аға буын назарынан тыс қалған мәселелерді ашық айтып жүр. Азаматтық ұстанымдары берік әрі оны белсенді білдіреді. Әсіресе вандализм, тазалықты сақтамайтындар және кәмелетке толмаған балаларға ішімдік сатушыларға қырғидай тиеді. Есірткі таратушылар да талай рет дәл осы белсенділердің нысанасына ілікті. Қозғалыстың 15 мыңға жуық мүшесі бар. Оған қоса 19 қалада кампусы жұмыс істейді. Қоғам көзқарасына тың серпін әкелген бұл бастамаға Президент ризашылығын білдіріп, қолдауын көрсетті.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанның жастары жасампаз. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Сіздердің сөздеріңізді тыңдап, форум атмосферасын сезіне отырып, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазақстанның болашағына деген сенімім нығая түсті. «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаған. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Мен Президент ретінде сіздерге зор үмітпен қараймын.

Жастық пен жаңашылдық – егіз ұғым. Z ұрпақ кез келген таптаурынды бұзады. Тіпті Президенттік шараның мызғымас қағидаларына өзгеріс әкелген. Жастар еркін стильді таңдап, Мемлекет басшысының өзі галстуксыз келді. Осылайша форум атмосферасына бірден ене алды. Жеңіл дресс-кодқа қарамастан келелі кеңесте қаузалған мәселелер ауқымды. Жастар тек әлеуметтік емес, саяси түйіткілдерге де көңіл бөледі. Қозғалыс мүшелері өз бағдарламарын Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеке айтып берді.

Әлихан Сәрсенов, «Халық қаһары» азаматтық науқанының жетекшісі:

- Біздің команда халық сеніміне селкеу түсірген шенеуніктерге саяси антиоскар сыйлығын береді. Біздің статуэтка ЛРТ сұлбасымен жасалған. Тұрғындарды мазалаған мәселенің басым бөлігін уақытылы әрі бюджеттен шашау шығармай шешуге болады. Оның бәрі ниетке байланысты. Біз қандай да бір мәселе көтерсек, кейін ол шешіліп жатады. Демек біздің қоғамға пайдамыз тиіп жатыр. Біздің мақсатымыз шенеунік сөзі жағымсыз мәнге ие болмауын қадағалау.

 

Қ. Тоқаев: Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады

Қазір еліміз үшін тарихи кезең. Алдымызда биік мақсаттар тұр. Президент осыған назар аударып, «Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз», – деді. Елде жасалып жатқан реформалардың негізгі мақсаты осы. Ал жастар барлық өзгерістің бастауында болады. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы. «Жаңа адамдар» – жаңа болмыс. Бұл өз еліне адал жастардың қозғалысы. Біздің стратегиямызға қолдау білдірген сіздерге алғыс айтамын. Реформаларымыздың мән-маңызы ұрандарыңызда көрініс тапқан. Бұл өзгерістер Әділетті Қазақстанды құру, «Заң мен тәртіпті» қамтамасыз ету тұжырымдамасына негізделген.

Ғалия Тузен, «Тұмар» азаматтық науқанының жетекшісі:

- Біз Алматыда рейдтер жүргізіп, такси кейпіндегі азғындарды әшкерелейміз. Ол іс-әрекеттерін туыстары, достары, әріптестері білсін деп, түрін бүкіл елге көрсетеміз. Біз бір такси азғынын ұстағанымен, 10 шақты жолаушыны сақтап қаламыз. Сіз 8 наурызда бізді құттықтаған кезде әр әйел өз қауіпсіздігін сезіну үшін жағдай жасау керегін айттыңыз. Біз сол тапсырмаңызды орындап жатырмыз.

Ел үшін адал қызмет ету – жауапкершілік алудан қорықпайтын, батыл азаматтардың қолынан келетін жұмыс. Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, елде атқарылып жатқан жұмыстарлы баяндады. Ашығын айту керек, елде кейінгі жылдары өскелең ұрпаққа арналған көптеген ілкімді істер атқарылды. Оның қатарына Ұлттық қор табысын балалардың есепшотына аудару, «Келешек» бағдарламасы сынды маңызды бастамалар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұның бәрі – мемлекеттің міндеті. Бірақ әлемнің барлық елінде дәл осылай емес. Барды бағалау маңызды. Біздің жетістіктеріміз баршылық. Елімізде бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ берілетін болды. Оқушыларымыз мемлекет есебінен әртүрлі үйірмелер мен секцияларға қатыса алады. Мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына немесе колледжге грантқа түсу мүмкіндігі зор. Соңғы жылдары грант санын айтарлықтай ұлғайттық. «Болашақ» бағдарламасымен мыңдаған жас шетелде білім алып жүр. Олар Қазақстанға келген соң ел дамуына үлес қосады. «Президенттік жастар кадр резерві» сұранысқа ие жобаға айналды. Келешекте мемлекетті басқарушылардың негізгі легі осы жас мамандардан қалыптасады.

 

Қ. Тоқаев: Еңбек культін қалыптастыру – аса маңызды міндет

Бұл жай сөз емес, қазірдің өзінде іске асып жатқан бастама. Соңғы саяси реформалар кезінде Мәжіліс пен мәслихаттарда жастар үшін арнайы квота енгізілді. Бұл өкілдік билік қызметіне тың серпін берді. Президент: «Форумға жиналған жастар да келешекте мәслихаттың немесе Парламенттің құрамына кіретініне, тіпті Үкіметте жұмыс істейтініне сенемін», – деді. Одан әрі қазақ жастарының арасынан шыққан білікті мамандар жайлы сөз етті. Әсіресе креативті индустрияда жеткен толағай табыс мол.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сондай дарынды азаматтардың арқасында бүкіл әлем жұртшылығы Қазақстанды талантты әрі еңбекқор адамдардың елі деп танитын болды. Мемлекет креативті индустрияның дамуына барынша ықпал етеді. Қазір арнайы қор құрылып жатыр. Ол әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындарына қатысты жобаларды жүйелі түрде қолдаумен айналысады. Жастардың қарым-қабілетін көрсетуіне бұл да бір керемет мүмкіндік.

Расымен, жастардың жетістігі көзге ұрады. Кез келген саланы ұршықша иіріп отыр. Әлемдік деңгейде Қазақстанға бағынбаған белес аз. Десе де Президент қастерлі парыз елді көркейту екенін атап өтті. Әділетті Қазақстанды бірге құруға сенім білдірді. Бұған берекелі бірлік пен жастардың жасампаздық қуаты көмек береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ең бастысы адал еңбек етіп, адал табыс табу, яғни адал азамат болу. Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы». Біз қоғамда еңбек адамының абырой-беделін көтеріп жатырмыз. Еңбек культін қалыптастыру – аса маңызды міндет. Кез келген жұмыс қадірлі. Әсіресе жұмысшы мамандықтарын игерген жастарымыз зор құрметке лайық.

Жастар да реформалар жағында. Жиын аясында бірқатар қозғалыс мүшесі Президент бастамаларына қолдау білдірді. Бұл екі буын арасындағы берік байланысты көрсетсе керек. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың еңбектерін жылы қабылдады. Тиісінше бұл оларға дем беріп, жұмысты ширата түсетіні сөзсіз.

Авторы: Бекзат Аманов.