Әлемде баланың телефонға тәуелділігі артып барады

Ауа ластанып, мида пластик көбейсе, адам баласының болашағы қалай болмақ?

Өйткені қоғамда гаджетсіз өмір сүру қиындап барады.

Әлемде кәмелет жасына толмаған 2 млрд бала болса, соның 90 %-ы смартфонды тұрақты қолданады екен. Демек, телефонға тәуелділік балалар арасында көбейген үстіне көбейіп барады.

Мұның ересектерге де қатысы бар. Екінің бірі смартфон ұстайды. Ал шынында, мұның қоғам үшін пайдасы бар болғанмен, қаупі де орасан. Осыны ескерген біраз ел мектептерде телефонды осы бастан тыйып жатыр. Алпауыт АҚШ пен Кәрі құрлық елдері заңмен шектеді. Сарапшылар не дейді? 

Смартфонды сағаттап емес, шегімен қолданған жөн. Ал балаға беру мүлдем орынсыз. Бұл келешек ұрпақтың дұрыс өсіп-жетілмеуіне әсер етеді. Жаһанды «номофобтар» жайлап барады.

Телефонға тәуелді адамды ғылыми тілде номофобтар дейді. Бұл, құрылғыға байланып, одан бас тартуға қорқатын психологиялық дерт түрі. Номофобия ұғымы сөздікке алғаш рет 2008 жылы Ұлыбританияда қолданысқа енгізілді. Қазір жер жаһанның жартысына жуығы номофобиядан зардап шегіп отыр. Әсіресе, әр екінші ойын баласы бос уақытын далада емес, электронды құрылғы ұстаған күйі төрт қабырғада өткізеді. Телефонға телміріп, смартфонды серік қылған баланың ойлау қабілеті мен таным түйсігі төмендейді. Сөйтіп оның сөйлеуі тежеліп, есте сақтау мүмкіндігі азаяды. Бұл түптеп келгенде, оқушының даму дағыдысы мен оқу үлгеріміне әсер етпей қоймайды. 

ЦИТАТА

Мишель Лено, психолог

Номофобия адамның зейін қою қабілетін нашарлатады. Әсіресе мектепте немесе жұмыс орнында берілген тапсырманы тыңғылықты орындауға кедергі келтіреді. Телефонға телміріп, үнемі алаңдап отыру қарым-қатынасты да бұзуы мүмкін. Өйткені біз смартфонға көбірек көңіл бөлу арқылы төңірегімізді көрмей, денсаулығымыз бен уақытымызды құрбан етеміз.  

Цифрлық әуестік әуелі ойлау қабілетін зақымдайды. Мұнан соң мидың жұмыс істеу мүмкіндігін біртіндеп жояды. Бұған бесіктен белі шықпаған баладан бастап, еңкейген қарияға дейін тәуелді. Әсіресе, енді қалыптасып келе жатқан жас өскіннің болашағы үшін өте қауіпті. Өйткені ақпаратты қарым-қатынастан емес, құрылғыдан алатын баланың ми нейроны қарсы жауап беруін тоқтатады. Яғни, смартфон арқылы берілетін ақпарат ауызша жеткізгеннен гөрі 60 есе еңбекті қажет етеді. 

ЦИТАТА

Мишель Демюрже, француз нейробиологы

Цифрлық тәуелділіктен ада баланың өмірге құлшынысы жоғары, кез-келген жағдайда дұрыс шешім қабылдау қабілетіне ие болады. Өйткені ол ақпаратты экран арқылы емес, миы арқылы қорытады. Ал электронды құралға әуес, көзқарасы шектеулі баланың көбі білімді бола бермейді. 

Ғалымдар: Баланың тілі кеш шықса, кінә анадан

Біздің халық «Ананың көңілі балада, баланың көңілінің далада» деуші еді. Қазір бәрі керісінше. Құндақтаулы бала шешесінің мейіріміне зәру, ал ананың бар ойы құрылғыда. Техас университетінің ғалымдары жүргізген зерттеуге сәйкес, ұялы телефонды пайдаланған ана баласымен қарым-қатынас орнатуын 16%-ға азайтады. Тіпті смартфонға кетірген 1-2 минут сәби тілінің кеш шығуына әсер етеді. Жәй ғана қоңырауға жауап беріп, электронды поштаны тексерудің өзі баланың көңілін алаң етіп, сөйлеуін тежейді дейді зерттеушілер.

ЦИТАТА

Кей Де Барбара, Техас университетінің аға ғылыми қызметкері:

Зерттеу барысында орташа есеппен аналар тәулік ішінде 4,5 сағат уақытын ұялы телефонға жұмсады. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Жас аналардың бос уақытын баланың қажеттілігін өтеп, көңілін аулауға арнағаны абзал. Бұл олардың келешегі үшін өте маңызды.

Кәрі құрлық елдері мектепте құрылғы қолдануды шектеп жатыр

Әлемде құрылғының қаупін ескерген әр алтыншы ел смартфонды мектепте қолдануды заңмен яки кеңес беру арқылы тыйып жатыр. ЮНЕСКО ұйымы осылай дейді. Олардың мәліметіне қарағанда, әлем елдерінің 13 %-ы шектеуді заңмен бекітсе, 14%-ы білім беру ұйымында ұялы телефонды пайдаланбау саясатын ұстанады. Кәрі құрлық бойынша бұл бастаманы алғаш болып қолданысқа енгізген ел – Италия. Ел билігі 2007 жылы мектепте смартфон ұстауды ресми түрде шектеді. Қолданыстағы құжатқа сәйкес, ережені ескермеген оқушы алдымен смартфонынан айырылады. Әрекет қайталанса, оқу орнынан шеттетіледі. Тағы Еуропадағы Франция, Грекия, Португалия, Испания, Германияда дәл осындай темірдей тәртіп бар.

Австралияда жеткіншектерге әлеуметтік желіні қолдануға болмайды

Былтыр жыл соңында Австралия билігі 16 жасқа толмаған жеткіншектерге әлеуметтік желіні қолдануды шектеді. Парламент мақұлдаған құжат биыл күшіне енеді. Бұл инстаграм, тикток, снэпчат, фейсбук және Х платформасына қатысты. Егер компания ережені сақтамаса, 32 млн АҚШ доллары көлемінде айыппұл өтеуге міндетті. Билік өкілдерінің айтуынша, бастама жеткіншектерді әлеуметтік желідегі азғын әрекеттерден сақтайды. Ата-аналар да құжатты бірауыздан қолдаған.

ЦИТАТА

Энтони Альбанезе, Австралия премьер-министрі

"Біз бастаманы жүзеге асыру арқылы нәтижеге қол жеткіземіз деп айта алмаймын. Өйткені елде кәмелет жасына толмаған балаларға ішімдік сатуға тыйым салынғанымен, бұл жеткіншектер үшін әлі де қолжетімді. Дегенмен, жаңа құжаттың жеткіншектерді дұрыс тәрбиелеуге оң әсер ететініне сенімдіміз.

Америкада кәмелетке толмағандар әлеужелі қолдана алмайды

АҚШ билігі де былтыр бірнеше штатта жасөспірімдерге телефонды шектеді. Ережеге сәйкес, Мэриленд, Миннесота, Флорида, Джорджия штаттарында кәмелетке толмаған балаға ата-анасының рұқсатынсыз әлеуметтік желіні пайдалануға болмайды. Федералды үкімет бұл бастаманы қалған штаттарда жүзеге асыруды көздеп отыр. Айта кетейін, Америкада 13 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектердің жартысынан көбі ғаламторды тұрақты пайдаланады. Ал 12 жасқа дейінгі балалардың 40 %-ы әлеуметтік желіге тіркелген. Зерттеуге сәйкес, тәулігіне уақытының 3 сағаттын смартфонда өткізген баланың депрессия мен мазасыздыққа бейім екені анықталыпты. 

Бұрынырақта адамзат телефонсыз да тіршілік еткен. Алыс жерден хабар алып, байланыс та орнатқан. Бұл смартфонсыз өмір сүруге үндеу емес. Тек тәуелділікпен күресе білуге шақыру. Өйткені баланы гаджеттен жасынан тыйып, айналасын танытсақ, салауатты қоғам, сау ұрпақ қалыптасатыны анық.