Джордж Вашингтон Университетінде қазақ мәдениеті ұлықталды
АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінде қазақ мәдениеті дәріптелді.
Іс-шара Әлем мәдениеті күні аясында ұйымдастырылды.
Оқу ордасында білім алып жатқан отандастырымыз өнер көрсетіп, дастарқан жайды.
Қазақтың қара домбырасы, оюлы камзол-шапаны, көк байрақтың аясында жайылған қазы-қарта, қуырдақ пен бауырсақ – Джордж Вашингтон университетіндегі Әлем мәдениеті күніндегі Қазақстан бұрышы осындай. Мұны осы білім ордасына Болашақ бағдарламасының «500 ғалым» жобасы бойынша келген отандастырымыз ұйымдастырды.
Бағлан Мизамхан, Абылай хан атындағы қазақ ХҚЖӘТУ деканы:
«Бұл іс шара осы университет тарихында алғаш рет өткізіліп отыр екен. Осы шараны ести салысымен қанша дегенмен елімізді көрсетуге, елімізді танытуға келіп жатырмыз ғой. Біздің міндет тек қана зерттеу жұмысымен айналысу емес, оның сыртында жаңағы мәдени тұрғыдан да екі елдің ортасына көпір болу. Сондықтан естігеннен кейін осы іс шараға қатысайық деп шештік.
Салтанат Жакубаева, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің доценті:
«Осы соңғы бір айда бізге дайын болуға өте аз уақыт берілді. Дегенмен намысымызға тырысып бақтық. Түнімен бауырсағымызды пісіріп, жаңағы етімізді асып, барлық ұлттық тағамдардың қандайын осы Вашингтоннан таба алдық, соның барлығын барынша әзірледік дастарқанымыз бай болу мақсатында. Өйткені қазақтың дастарқаны әрдайым дархан көңілмен жайылған.»
Шынымен де мұхиттың ар жағынан табыла бермейтін төл тағамдарымыз дастарханның сәнін кіргізіп, қонақтардың назарын аударды. Жерлестеріміз әр тағамның құрамы мен олардың құнарлылығын ағылшын тілінде жазып көрсетіп, жиналған жұрт ұлттық мәзіріміздің ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік алды.
Сандипа Капа, іс-шараға қатысушы:
- Ұлттық тағамдарыңыз өте ұнады. Дәмді болады екен. Адамдар да өте қонақжай. Естелік ретінде мына домбыра пішінді кілтке тағатын бұйымды сыйға берді. Сондай әдемі. Осындай іс-шараға қатысып, қазақ мәдениетімен жақынырақ танысқанымыға қуаныштымын.
Зайнура Бабаи, іс-шараға қатысушы:
- Мен осы залға кіріп келгенде Қазақстан бұрышы бірден назарымды аударды. өйткені түрлі түсті киімдер мен мол дастарқан ерекше көрінеді. Тағамдар дәмді екен. Бүгін өмірімде бірінші рет жылқы етін жеп көрдім. Маған өте ұнады.
Әлем мәдениеті күніне Қазақстаннан бөлек Қытай, Колумбия, Үндістан, Ауғанстан, Әзербайжан, Зимбабве, Непал, Куба сынды елдердің өкілдері мен студенттік ұйымдар қатысты. Іс-шара соңында жерлестеріміз түгел Қаражорғаға басып, оларға қонақтар қосылып жиналған жұрт мәз-мейрам болды.