Испания Израиль қатысса, Eurovision ән байқауынан бас тартады
70 жылдық тарихы бар Еуропадағы әйгілі «Еurovision» ән байқауына Израиль қатысатын болса, Испания бас тартады, деп хабарлайды 24kz.
Бұған дейін Еуропалық хабар таратушылар одағына мүше Нидерланд, Словения, Ирландия да осындай ресми ұстанымын жариялаған еді. Жыл сайын қырыққа жуық мемлекеттің талантты өкілдері қатысатын ән байқауы – Еуропаның ең ірі мәдени шараларының бірі. Келер жылы байқау Австрияның Вена қаласында өтеді.
Атап өту керек, қазіргі уақытта Израиль мен Испания арасындағы дипломатиялық дағдарыс ушығып тұр. Мадрид Израильдің Газадағы әскери әрекеттерін халықаралық құқық пен гуманитарлық нормаларды бұзу деп бағалап, Тель-Авивке қарсы тоғыз санкциядан тұратын шаралар топтамасын жариялады. Онда қару-жарақ эмбаргосы және Израильдің әскери жүк тасымалдайтын кемелері мен ұшақтарының Испания порттары мен әуе кеңістігіне кіруіне тыйым салу сияқты бірқатар шаралар қамтылған.
Мария дель Пилар Алегрия, Испания үкіметінің ресми өкілі:
- Әскери әрекеттері арқылы халықаралық құқықты бұзып, геноцид жасап отырған елдің байқауға қатысуын қалыпты жағдайға айналдырмауымыз керек. Бұл елге қарсы санкцияны Испания ғана емес, әлемнің өркениетті елдері де жариялауы тиіс.