Бибігүл Төлегенова атындағы вокалистер байқауы шымылдығын түрді

Алматыда ХIII Халықаралық Бибігүл Төлегенова атындағы вокалистер байқауы шымылдығын түрді.

Дәстүрлі дода 2 жыл сайын жас дарынды орындаушыларды анықтау үшін ұйымдастырылады. Биыл алдын-ала іріктеуден өткен 120-дан аса үміткер бақ сынауда. Байқау барысында әр өнерпаз қазылар алқасының алдында классикалық вокалдың үздік туындыларын орындайды. Сарапшылар қатарында әлемнің әйгілі театрларының әншілері мен тәжірибелі педагогтар отыр. Фестивальдің ақтық кезеңі қыркүйектің 30-ы Жамбыл атындағы филармонияда өтеді. Соңғы сынға тек 14 үздік қатысушы іріктелмек. Жеңімпаздарға қомақты жүлде қоры табысталып, алдағы уақытта халықаралық сахналарға жол ашылады.

Гүзел Төлегенова, ХIII халықаралық Бибігүл Төлегенова атындағы вокалистер байқауының бас директоры:

- Бұл байқаудың бірегейлігі – мұндай таза вокалдық жарыс Орталық Азияда жоқтың қасы.Қатысушылардың көбі музыка академиялары мен консерваториялардың соңғы курс студенттері. Олар болашақта опера сахналарында микрофонсыз өнер көрсететін классикалық вокалдың өкілдері болмақ.