Алматыда «Есіңе мені алғайсың» көрмесі ашылды
«Есіңе мені алғайсың».
Алматыда Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейінде осындай тақырыппен көрме ашылды. Атақты композитор ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жетпіске жуық өлеңіне ән жазған. Көрме сол шығармашылық байланыстың айқын дәлелі іспетті. Оған Мұқағали Мақаевтың өзі тұтынған жеке заттары, киімдері, қолжазбалары сияқты 50-ге жуық экспонат қойылды. Олар Қарасаздағы Мақатаевтың музейінен әкелінді. Биыл Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Ақын композитордың үйінде бір ай жатып, екеуі 32 әнді дүниеге әкеледі. Соның ішінде «Саржайлау», «Мен сендерді іздеймін», «Сөнбейді, әже, шырағың» және тағы басқа шығармалар бар. Ақынның «Есіңе мені алғайсың» өлеңіне алғаш ән жазған да Нұрғиса Атабайұлы. Көрменің мақсаты өскелең ұрпаққа қос алыптың достығын насихаттап, шығармаларын таныстыру.
Жұлдыз Мақатаев, Мұқағали Мақатаевтың ұлы:
- Біздің әкемізді өзі таңдаған. Екеуінің бірлесітігі өте сәтті өтті деп ойлаймын. Екеуі қалдырған өнер қазақ халқының төрінде орын алды. Соның біз куәсі болып отырмыз. Екеуінің жырлары жырланып, әндері айтылып жатады. Соған тәнті болып әулет атынан ризашылығымды білдіремін.