Елордада «Әлем әуені» халықаралық өнер фестивалі аяқталды

Астанада «Әлем әуені» халықаралық өнер фестивалі қорытындыланды. Түбі бір түркі әлемінің өнері мен мәдениетін дәріптеген шара екі күнге жалғасты. Елордада тұңғыш рет түндігін түрген басқосуға бауырлас елдерден 60-тан аса өкіл қатысты. Өнерпаздар ортақ мәдени мұраны бір сахнада тоғыстырды.

Бұл жолғы фестивалдың мәні де, маңызы да бөлек. Астана төрінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды шара бауырлас елдің өнерпаздарын бір сахнаға тоғыстырды. Ортақ мәдени мұрасын дәріптеді. Әнін әуелетіп, күйін күмбірлетті. Келелі жиынның бірінші күні ғылыми симпозиумға арналды.

Азат Ташматова, Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының профессоры:

- Біз бұл фестивальге арнайы келдік. Кешелі бері әріптестерімізбен пікір алмасып жатырмыз. Маған ғылыми жиын сондай ерекше ұнады. Кеше өзім де қатысушылардың қатарында болдым. Қызықты баяндамалар тыңдадық. Білмегенімізді осы жерде үйренгендейміз.

Шараға түркі мемлекеттерінің 60-тан астам өкілдері қатысты. Екі күнге созылатын фестивальде ғылыми, шығармашылық және практикалық бағыттағы кездесу ұйымдастырылды. Шеберлік сабақтары мен симпозиум де күн тәртібіне енгізілген. Бұл алаң бауырлас елдердің өнерпаздарын біріктіріп қана қоймай, мәдени байланыстарды тереңдетуге бағытталып отыр.

Ақтоты Райымқұлова, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті:

- Екі күн бойы осы симпозиумды өткізгенде біз ең беделді, маңдайалды саз шеберлерін шақырттық. Мысалы, Түркиядан келген өзі орындаушы, өзі шебер өнерпазымыз, Мажарстаннан келген Ахқош деген кісі. Осындай керемет кісілердің осында басы қосылды. Бәрімізге ортақ сұрақтарды, мәселелерді алдағы мақсаттарды жүйелеп қарап алған сияқтымыз.

Фестиваль соңы гала-концертпен қорытындыланды. Дәстүрлі ән-күй мен этно бағыттағы заманауи шығармалар тыңдарманға ұсынылды.

Авторлары: Камшат Мұхамеджан, Ақылбек Есімсейт