2025 жылы Қазақстанның мәдениет саласында болған айшықты оқиғалар

2025 жыл өнер саласы үшін әлемдік деңгейдегі айтулы оқиғамен басталды.

Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында жеке концертін өткізді. Мыңдаған аудиторияны жинаған бұл кеш қазақ өнерін дүниежүзіне тағы бір мәрте паш етті. Иә, Димаш секілді талантымен талайларды таң қалдырған біртуар жастарымыз баршылық. Олар кімдер? 2025 жылы мәдениет саласында қандай айшықты оқиғалар болды? 

2025 жыл жас өнерпаздар үшін жемісті һәм жеңісті кезең болды. Олар әлемдегі ең ірі музыкалық байқауларда бақ сынады. Ержан Максим Дубайда өткен San Remo Best Song - 2025 байқауының Гран-при иегері атанды. Ал Александр Лим Қазанда өткен XXI "Жаңа толқын - 2025" конкурсының үздігі. Иә, талантымен әлем жұртшылығының назарын аударған жас өнерпаздарымыздың қарасы қалың. Жасмин Түзелова,  Ернар Садырбаев, Алмагүл Батталиева және Мирас Нағашыбай сынды дарынды жастар марапат биігінен көрінді.

Елде мәдениет саласы қызметкерлерін қолдау мығым. 3 жылда осы ұйымдарда жұмыс істейтін 64 мың қызметкердің жалақысы жыл сайын 20% артты. Сондай-ақ 75 мәдениет қызметкері мемлекеттік стипендияға ие болды. Президент Жарлығына сәйкес өнерді өрістетіп жүрген бірқатар азаматқа марапат табыс етілді. Мерейі үстем болғандардың қатарында опера әншісі Мария Мудряк бар. Оған Мемлекет басшысының Жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы берілді.

2025 жыл отандық кино өндірісі үшін толағай табыстарға толы болды. 10 отандық фильм жарыққа шықты. Мемлекеттік қолдаумен түсірілген "Qaitadan" фильмі прокаттан 1 миллиард теңгеден астам қаржы жинады. Осылайша, қазақстандық киноиндустриядағы ең табысты картиналардың қатарына енді. Сондай-ақ "Қазақфильм" киностудиясына мемлекеттік қолдау шаралары жанданды. Ал Ұлттық киноны қолдау орталығы жариялаған конкурс нәтижесінде 16 жаңа жоба таңдалды. Олардың қатарында тарихи және патриоттық тақырыптарға арналған фильмдер бар.

Бұған қоса "Бауырына салу", "Шатырдағы екеу" және өзге де отандық фильмдер АҚШ, Ресей, Франция, Италия  елдерінде өткен халықаралық кинофестивальдерге қатысып, 30-дан астам беделді марапат ұтты.

Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Кинематография туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Ол прокатқадейінгі сараптау рәсімін жетілдіріп, ұлттық фильмдердің сапасын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар шығармашылық оқу орындарының студенттері арасынан байқау жеңімпаздарының үлесі 14,9% артты. Саладағы маңызды бағыттардың бірі инфрақұрылымды жаңарту. Биыл Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бас корпусы қайта жаңарды. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына арналған жаңа жатақхана құрылысы басталды. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда өңірлік театрларды дамыту қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Осыған орай Астана қаласында "Жастар" театры ғимаратын жөндеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қуыршақ театрына жаңа ғимарат салынбақ. Алдағы жылдары Семей, Қонаев және Ақтөбе қалаларында жаңа драма театрлары бой көтереді. 

Назерке Тоқжан