Алматыда «Абай» операсының тұсаукесері өтті
«Абай» операсы қайта жаңғырды. Алматыдағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры өнерсүйер қауымға қойылымның жаңартылған нұсқасын ұсынды.
Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің бұл шығармасы театрдың бойтұмарына айналған. Оның үзбей қойылып келе жатқанына 80 жылдан асты. Бұл жолы «Абай» операсын жас режиссер Фархат Молдағали сахналады.
«Абай» операсы – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры репертуарының інжу-маржаны. Ондаған жылдар бойы театр маусымы осы қойылыммен ашылады. Режиссер Фархат Молдағалидің айтуынша, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің жазып кеткен дүниелеріне Әуезовтің либреттосына өзгеріс жасау мүмкін емес. «Оған құқығымыз жоқ. Біз тек қойылымға жаңа көзқараспен қарап, көрермен мен операның байланысын жақындатуға атсалыстық»,- дейді.
Фархат Молдағали, қоюшы режиссер:
- Экспериментке бару ондай дүние болған жоқ. Осы күйінде әдемі, өзінің ерекше форматын сақтап қалуға тырыстық. Бұл жерде менің рөлім жаңа, былайша айтқанда, осы дүниені бұзып алмай, бір арқанның үстімен жүргендей, әдемілеп бәрін тізіп шығуға тырыстық.
Операның сюжеттік желісі толықтай сақталды. Бірақ сахналық қойылымдардың, партиялар мен ариялардың орны ауысты. Декорация жаңарды. Киімдері өзгерді. Қойылымда Абайдың партиясын опера әншісі, Қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаев ойнады.
Талғат Күзембаев, Қазақстанның Халық артисі:
- Соңғы 10 жылдықта ойнап келе жатырмын. Жалпы менің театрға келгеніме 28 жыл болды. Ең бірінші партиям Абайдың қарсыласы Жиренше деген партияны сомдадым. Сол партияны мен 15 жыл сомдағанмын.
Қойылым алғаш рет 1944 жылы сахналанды. «Абай» операсында ескілік пен жаңашылдық, жақсылық пен жамандық Ажар мен Айдардың арасындағы махаббат арқылы бейнеленеді. Сол дәуірдің рухы мен Абайдың ішкі жан дүниесі айқын көрініс табады. Абай мен оның шәкірттері ескірген дала заңына қарсы шығады.
Аяжан Қуанышәлиева, Опера труппасының жетекші солисі:
- Осыған дейін Ажардың рөлін сомдадым. Жаңа премьера мен үшін үлкен мәртебе. Киелі сахнада Ажардың рөлін сомдау керемет. Ажар нәзік әрі батыл кейіпкер. Ең үлкен фишкасы Ажардың ариясы ғой. Сырттан ақсақалдың алдына келіп, шындығын айтып беру үлкен бір ержүректілікті талап етеді.
«Абай» операсының жаңартылған нұсқасын осы маусым бойы тамашалауға болады. Оған қоса, биыл Қазақ Ұлттық опера және балет театры бірнеше жаңа қойылым ұсынуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев