«Әбіл» фильмі Францияда жапппай көрсетіліп жатыр
Режиссер Елзат Ескендірдің дебюттік туындысы – «Әбіл» фильмі Нант қаласындағы халықаралық кинофестивалде бірден екі жүлдеге ие болды.
Қазір туынды Францияның бірқатар қаласында көрсетіліп жатыр. Қазақ даласы туралы авторлық фильмнің табысқа жету сыры неде?
Қазақстандық «Әбіл» фильмі Францияда бір айға жуық уақыттан бері көрсетіліп келеді – фильмді елдің 60-тан астам қаласында тамашалап жатыр. Оны ересек те, жас көрермен де жылы қабылдауда. Мұндай көрсеткіш – режиссердің француз аудиториясына әлі кеңінен таныс емес дебюттік фильмі үшін сирек жағдай. Продюсерлер мұны картинаның мықты драматургиясымен байланыстырады. Фильм сюжеті Кеңес Одағы ыдыраған кезеңдегі қазақ даласында өрбиді. Жекешелендіру мен жемқорлық қарапайым шопанның өмірін әділдік пен ар-намыс жолындағы күреске айналдырады.
Елзат Ескендір, фильм режиссері:
- Бұл жаңалыққа қуаныштымын, себебі бұл жалпы қазақ киносы үшін өте сирек жағдай. Оны киносыңшылар да айтып жатыр, себебі кино арқылы біздің еліміз, біздің социум, біздің философиямыз, эстетикамыз, біздің арт саласында істейтін авторлардың көзқарасы. Ол басқа, шетелдік, француз қауымына жетіп жатыр, барынша мүмкіндігінше көріп жатыр, бұл әрине қуаныш мәдениет үшін.
«Әбілдің» табыс тарихы осы прокаттан әлдеқайда бұрын басталған. Өткен жылы Францияның Везуль қаласында өткен Еуропадағы ең ірі азиялық кинофестивальдердің бірінде картина үш бірдей беделді жүлдеге, соның ішінде халықаралық қазылар алқасының Гран-приіне ие болды. Ал биыл Нанттағы фестивальде фильм қазылар алқасының бас жүлдесін және Көрермендер сыйлығын жеңіп алды – кәсіби әрі халықтық мойындаудың сирек үйлесімі.
Сергей Азимов, қазақстандық режиссер:
- Осы көктемнен бастап Әбіл киносы өзіміздің ұлттық кинотеатрларда, Алматыдан, Астанадан бастап, прокатқа шығу керек. Осы киноны біздің көрермендерді де көруге шақырамыз, себебі ол үлкен көркемдік, кәсіптік деңгейді, шыңдықты жасырмай көрсеткен кино. Біздің киномыздың талай талай келешегі бар екеніне мен кәміл сенемін.
Француз сыншылары фильмнің терең мазмұнын және режиссердің айқын көркемдік ұстанымын атап өтуде. Бір адамның тағдыры арқылы тұтас бір буынның тарихын көрсету – картинаның басты ерекшелігі.
Гзавье Алез, тарихшы:
- Бұрын кейбір қазақстандық режиссерлер Францияда жеткілікті деңгейде таныстырылмады, кейбір туындылар кең аудиторияға жетпей қалды. Алайда қазір жаңа толқын туралы айтуға болады, өзгеше ой айтқысы келетін жас режиссерлер пайда болды. Бір ғана көзқарас пен бір ғана әлемді көру қызық емес. Қазақстан киносының өз тарихы бар, бағаланған режиссерлері бар. Бұл үрдіс жаңа буынмен жалғасады деп сенемін.
Гаэль Жегу, кинозерттеуші:
- Бұл – өте жақсы фильм. Біз осы отбасының тағдырын шынайы сезіндік. Француз ретінде біз Қазақстандағы тарихи контекст пен мәдени кодтарды толық білмеуіміз мүмкін, бірақ фильм арқылы сол жағдайды, сол отбасының басынан өткен қайғыны анық түсіндік. Енді Қазақстанға барғым келеді.
Франциядағы табыс еуропалық кинопродюсерлердің де назарын аударды. Режиссерге жаңа жобалар бойынша ұсыныстар түсіп жатыр. Енді олар бірлескен жоба жасау мүмкіндігін қарастыруда.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан