Мәскеуде Әлихан Бөкейханға мүсін орнатылды
Қазақтың азаттығы жолында жан аямай еңбек қылып, осы жолда опат болған, «Алаш» партиясының көшбасшысы, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның өмірі Ресей астанасымен тығыз байланысты.
Ол өмірінің соңғы жылдарын осында өткізді. Сүйегі де осында қалды.
Ұлт көсемінің Мәскеудегі мүсіні биылғы 160 жыл толу мерейтойына арнап ашылды. Ескерткіш «Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі» кешенінде бой көтерген. Мұнда қазақстандық павильон тұрақты жұмыс істейді. Кісі аяғы үзілмейтін, көрнекті орын. Осы кешеннің төріне орнатылған қола мүсіннің салмағы 80 келіден асады. Жарты жыл бұрын Қазақстанда арнайы әзірленген.
Жанболат Надыров, кәсіпкер:
- Мүсіндегі бейненің Әлихан Бөкейханның суретіне қатты ұқсағанын қаладық. Мүсіншіні таңдап алып, тапсырыс бердік. Бейнесін және басқа да барлық мәселені Елшілікпен келісе отырып, атқардық.
Әлихан Бөкейхан 1937 жылы 71 жасында Бутырка түрмесінде атылды. Сүйегі өртеліп, күлі Дон зиратындағы бауырластар зиратына көмілген. Бұл жерде тағы бір мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақов та жерленген.
Дәурен Абаев, Қазақстанның ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:
- Ресейде Әлихан Бөкейханға арнаулы мүсіннің орнатылуы – оның біздің тарихымыздағы өлшеусіз үлесіне деген терең құрметтің белгісі. Ол Ресейдің Мемлекеттік Думасында қызмет етіп, байырғы халықтардың құқығын қорғады. Ол халықтар бірлігіне және өркендеп, дамуға сенді. Оның мұрасы елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестік қағидаларында сақталған.
Әлихан Бөкейхан өмірінің соңғы 15 жылын Мәскеуде өткізді. Мырзақамақта отырып, ғылым, әдебиетпен айналысты. Ұлт көсемі атылғаннан кейін жарты ғасырдан соң 1989 жылы ғана ақталды.
Авторлары: Ернат Рахметолла, Наргиз Рахымжан