Өскеменде аламан айтыс өтті

Кенді Алтайда керемет өнер додасы өтті.

Шығыс Қазақстан және Қарағанды облысының айтыскер ақындары мен жыршы-термешілері өзара сайысқа түсті. «Аманат» партиясының қолдауымен өткен мәдени кездесудің басты ерекшелігі сол -жарыс командалық форматта ұйымдастырылды. Яғни екі өлкенің өнерпаздары екі топқа бөлініп халық алдында барын салып, бағын сынады. Төрт сағатқа созылған айтыстың аламанында шығысқазақстандық команда жеңіске жетіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Шығыс Қазақстан мен Қарағанды өңірлерінің үздік айтыскер ақындары, жыршы-термешілері мен күйшілері бір сахнада бас қосты. Өнер додасында екі команда өзара бақ сынап, көрерменге рухани кеш сыйлады. Байқау шарты бойынша қатысушылардан сөздің шұрайын келтіріп, ойды ұтымды жеткізу, тіл тапқырлығын таныту талап етілді. Нәтижесінде барлық талапқа сай өнер көрсеткен үздік топ келесі кезеңге жолдама алды.

Жанарбек Әшімжан, қазылар алқасының мүшесі:

- Жиырма команда бір жыл емес, бір жарым жыл ішінде айтысып бітеді. Осыдан кейін 20 команда он жұп, одан он команда ұшып он команда қалады. Жеңген команда Ақмола, Маңғыстау бола ма, жеңген команданың жағдайына қарай жалғасын табады, бір жыл 4 ай, 1жыл бес айда бітеді.

Өскеменде алғаш өткен командалық айтысқа абыз ақын Жүрсін Ерман бастаған аға буын төрағалық етті. Сахнада айтыс қана емес, жырдан жақұт төгіліп, терме де айтылды, күй де күмбірледі.

Серік Құсанбаев, ШҚО команда капитаны:

Снх:Түре айтыс, сүре айтыс, қайым айтыс және қыз бен жігіт айтысы оған қоса жыршылар бір-бір жыршыдан, термешілер, дәстүрлі ән және күйшілер сайысы сондықтан бұл жолғы айтыстың орны бөлек, жөні бөлек жобасы бөлек.

Сарыарқа мен Төр Алтайдың тарландары  аянбады. Десе де,шығыс қазақстандық команданың мерейі үстем болды. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов саңлақтарды құттықтап, сертификат табыстады. Бастысы екі топ үшін де бұл күн өнер мерекесі боп есте қалды.

Айтбай Жұмағұлов, Қарағанды облысының команда капитаны:

- Бақ шаба ма, бап шаба ма дейді, ол өнер сайысында  ешкім жеңіліске ұшырамайды. Өйткені халықты рухани байыту, елдің руханиятын дамыту бәріміздің мақсатымыз, мұратымыз бір.

Бұл мега-жоба әлі жалғасады. Демек, жеңімпаз команданы алда талай тартысты сәт күтіп тұр.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов