Жазушының романы 15 млн теңге ұтып алды

Алматыда «Қазіргі заманғы қазақ романы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бас бәйгені жазушы, журналист Жүсіпбек Қорғасбек жеңіп алды.

Оның «Кёльндегі көкжал» романы 220 шығарманың арасынан топ жарып, үздік атанды. Авторға 15 миллион теңге сыйақы табысталды. Одан бөлек, әдебиет сыншыларының жоғары бағасын алған 7 романның авторына 3 миллион теңгеден қаламақы берілді. Айта кетейік, әдеби байқау былтыр басталған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға 3 мыңнан аса өтініш түсіпті. Талап бойынша шығармада бүгінгі уақыттың тынысы, жаңа заман адамының бейнесі, технологиялық өзгерістер көрініс табуы қажет. Сарапшылар осы өлшемдердің бәрін ескеріп, 8 романды іріктеген. Жазушылардың айтуынша, қазақ әдебиетіне қазір осындай серпін керек.

Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы, журналист:
- Осы жоба жалғаса берсе, қазақ әдебиетіне үлкен шығармалар алып келеді. Халықаралық деңгейге шығуымызға бір септігін тигізеді деп ойлаймын. «Бас жүлде алған шығармаға кино түсіреміз, ағылшын тіліне аударамыз», - дейді. Өте жақсы жоба.

Арман Сқабылұлы, «Қазіргі заманғы қазақ романы» байқауының авторы:
- 5 әдебиет сыншысы, ішінде жазушылар бар. Қазылар алқасы 10 балдық жүйемен есептеп, өздері ұпайларын қойып келді. Барлығын санадық, ішінде қайсысы көбірек жинағанын және бүгінгі тақырыпқа сай екенін анықтадық.