Цифрлық форматтағы петроглифтер

Жартастағы петроглифтер жасанды интеллект көзімен. Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде «Таңбалы: Бабалар коды» көрмесі ашылды.

Экспозицияда көне дәуірден сыр шертетін петро-глифтер заманауи өнер мен цифрлық технологиялар арқылы жаңа қырынан көрсетіледі. Халықаралық көрме Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр.

Бүгінгі көрме «Таңбалы» музей-қорығы мен фотосуретші Владислав Кимнің бірлескен жобасы. Владислав Ким көрмеге қойған 50-ге жуық өнер туындысына жарты жылын арнапты. Ол петроглифтердің көмегімен ежелгі адамдардың дүниетанымын жеткізе білді. Бұл бабалар коды мен көрермен арасындағы алтын көпір іспеттес.

Владислав Ким, Фотосуретші:

- Былай қарасақ, әр картинаға апталап, кейбіреулеріне тіпті айлап уақыт кетеді. Бұл уақыт маған петроглифтарды сезініп, оны жарыққа шығару үшін қажет. Бұл әлемдегі бірінші рет жасалған заманауи формат. Бұндай формат басқа еш жерде жоқ.

Автор петроглифтердің өз бейнесін өзгертпеген. Тек олардың айналасындағы кеңістікті жасанды интеллект көмегімен түрлендірген.

Бибігүл Дәндіғараева, «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей қорығының директоры:

- Бұл жобаның әрі қарай жалғасы бар. Көрме осында 20 күн тұрады. Осыдан кейін көрме 28 мамырда Ұлттық музейде өтеді. Енді өздеріңіз көріп отырсыздар ғой, бұл көрменің ерекшелігі көрме экспозициясында тұрған көшірмелерден, түпнұсқадан ешқандай өзгешелігі жоқ. Көшірмелерден басқа да, сувенирлік бұйымдар ұсынып жатырмыз.

Көрменің ашылуына ЮНЕСКО өкілдері, тарихшылар мен шетелдік сарапшылар қатысты. Таңбалы археологиялық кешенінде жүзге жуық әр уақыттағы ескерткіштер, қоныстар мен жартас суреттері бар. Олар қола дәуірінен бастап біздің заманымыздың 19-20-шы ғасырлары аралығын қамтиды.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Кенже Амраев