Бибігүл Төлегенова жас таланттарға қанат бітіріп жүр

Ғасырға жуық ғұмырын киелі сахнаға арнаған Бибігүл Төлегенова жас таланттарға қанат бітіріп жүр. Бүгін ұлы даланың дара бұлбұлы консверватория студенттеріне шеберлік сағатын өткізді. 

Бибігүл Ахметқызының репертуары өте бай. Ән қоржынында қазақтың халық әндерімен қатар әлемдік музыка жауһарлары көптеп кездеседі. Әсіресе Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әні оның бойтұмарына айналды. Қазақстанда классикалық өнердің дамуына да үлес қосты. Рахмадиевтің «Еңлік-Кебек», Брусиловскийдің «Қыз-Жібегінде» және батыс композиторларының операларында түрлі арияларды орындады. 

Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі:

- Бүгін менің келгендегі ойым, біріншіден, халық әндерін насихаттау, қалай айтылатынын көрсету. Күләш апайды да көргенмін. Сондықтан мен ойлаймын, сол көрген, естігенімнің бәрін балаларға айту керек. 

Саят Абдулла, студент:

- Бұл кісінің алдында бірінші рет өнер көрсетіп жатқан жоқпыз. Бұл кісінің атындағы осы вокалисттер конкурсында қатысушы болғанмын. Өте керемет әсердемін. Осындай аңыз тұлғаларымыздың шеберлік сағатын алу біз үшін үлкен мәртебе.