«Манас» жырының хатқа түскеніне 170 жыл
Биыл «Манас» жырының қағаз бетіне түсіп, ғылыми айналымға енгеніне 170 жыл. Көне эпосты алғаш зерттеген қазақ ғалымы - Шоқан Уәлиханов.
Ол небәрі жиырма жасында эпикалық туындыны жазып алып, зерттеп, Еуропаға танытқан. Ғалым «Манасты» қырғыз халқының тұрмыс-тіршілігі, тарихы мен дүниетанымын танытатын энциклопедиялық мұра ретінде бағалаған.
Баянғали Әлімжанов Манасты 40 жылдан астам уақыт жырлап келеді. Ол көне эпосты насихаттап қана қоймай, манасшыл дәстүрді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлес қосып жүр. Манастанушы бүгінде дастанды қазақ тіліне аударып, өз салымын қосқан. Оның айтуынша 1856 жылы Шоқан Уәлиханов Ыстықкөл сапары кезінде жырдың «Көкетай ханның асы» бөлімін хатқа түсірді. Кейін Шоқан Уәлиханов оны орыс тіліне аударып, Ресей ғалымдарына таныстырды. Шығармада Көкетай ханның дүниеден өтуі, оған ас беруі, балуандар күресі сынды тарихи-әлеуметтік көріністер сипатталады.
Баянғали Әлімжанов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, манастанушы:
- Шоқан жазып алған нұсқаның тағы бір маңызды жағы осыдан 170 жыл бұрын қырғыздар қалай сөйлесе, қалай жырласа сол хатқа түсіп қалған. Жылдар өткен сайын тіл өзгереді, жылдар өткен сайын жыр өзгереді, оның ырғақтары өзгереді, бояуы өзгереді, көп нәрсе жоғалып кетуі мүмкін. Шоқанның жазып алған нұсқасы осының бәрін хатқа сақтап қалған.
Жырды кейіннен Әлкей Марғұлан мұрағаттан тауып, «Көкетайдың ертегісі» атауымен қайта жарыққа шығарған. Бұдан бөлек, араб қарпімен жазылған факсимилесі де жарияланды. Шоқан Уәлиханов Манас эпосын Гомердің «Илиадасымен» салыстырса, оның екінші бөлімі «Семетейді» Орта Азияның «Одиссеясы» деп бағалаған.
Сауытбек Абдрахманов, әдебиеттанушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
- Илиада мен Одиссея 27 мың жол, Махабхарата 170 мың жол. Ал Манас жарты миллион, 500 мың жол. Манас бұл жағынан қарағанда жырдың теңізі емес, жырдың мұхиты. Әлемде мұндай көлемде жыр болған емес, бола да қоймайды. Біздің Манасқа деген құрметіміз бөлек. Астанада Манас ескерткіші ашылғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 6 мыңнан астам Манас есімді азамат бар екенін айтты.
Ал кеңестік кезеңде «Манас» жырына әр түрлі айып тағылғанда, қазақтың тағы бір кемеңгері Мұхтар Әуезов алып дастанды сақтап қалған. Қазақ зиялыларының қырғыз мұрасына деген ықыласы қашанда ерекше. Ғасырлар бойы ауыздан-ауызға жеткен көне эпос бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтпай келеді.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Бағдат Қайыркен, Артур Горшняков