«Хабар» Агенттігінің тапсырысымен «Ақ жеңге» телехикаясы түсіріліп жатыр
«Хабар» көрермендер үшін тағы бір ауқымды жобаны қолға алды.
Агенттіктің тапсырысымен «Ақ жеңге» телехикаясы түсіріліп жатыр. Ауыл өмірінің шынайы болмысын, ұлттық құндылық пен заманауи көзқарас тоғысын көрсететін комедиялық драма, күзде – жаңа маусымда көрерменге жол тартады.
Жаңа телехикая, бұған дейін көрерменнің ерекше ықыласына бөленген «Келінжан» сериалын түсірген шығармашылық топтың кезекті туындысы. Продюсері Гүлнұр Мамасарипова. Режиссері Ернар Нұрғалиев. Жаңа жобаның идеясы мығым, тақырыбы тың. Ең бастысы, көрерменге ой салатын дүние болмақ.
Гүлнұр Мамасарипова, продюсер:
- Ешқашан күйеуге шығып көрмеген, тіптен әлі сүйіп көрмеген қыздардың өзі отбасы туралы әңгіме айтады. Және олардың миында жағымсыз картина қалыптасып жатыр. Ол өте қауіпті. Шындап келген кезде біз қазақы отбасы болу ол ешқандай да қорқынышты дүние емес екенін жеткізе беруіміз керек. Осындай құндылықтар үшін бізге қарапайым ғана отбасының үлгісі керек.
Оқиға ауылдағы қара шаңырақтан басталады. Әнуар атаның үш ұлы бар. Бір жыл бұрын кемпірі дүние салған. Аналарының жылдық асына келгенде үлкен ұлының келіншегі Жібек көңіл-күйі түскен атасын көріп, ауылда қалуға шешім қабылдайды. Сол сәттен бастап қарашаңырақтың берекесі кіріп, ынтымағы артады. Жібектің ролінде танымал актриса, әнші Кәмшат Жолдыбаева. Өзі де жар, келін, ана атанған актриса біраз жыл үзілістен соң түсірілім алаңына қайта оралды.
Кәмшат Жолдыбаева, актриса:
- Мен Жібектің деңгейіне жетуге құштармын. Мықты адам, ол жұмсақ адам, мейірімді адам. Көп нәрсені қабылдай білетін адам. Түсіне білетін адам. Терең түсіне білетін адам. Кешірімді адам. Сол қасиеттерді мен Жібектің бойынан көремін. Мінезі өте көркем.
Қазір ауыл өмірінен алшақтап, келіндік міндет пен жеңгелік парызды теріс түсінетін жастардың бар екені жасырын емес. Сондықтан жаңа телехикая отбасы құндылықтарын, махаббат, жауапкершілік және әйелдің қоғамдағы рөлі сияқты маңызды тақырыптарды жеңіл әзіл мен терең драманың үйлесімі арқылы ашуды мақсат тұтқан.
Серік Сарыбай, "Хабар" Агенттігі" АҚ Басқарушы директоры - Алматы филиалының директоры:
- Бір әулеттің шамшырағы бола білген, бір әулеттің ұйтқысы бола білген жеңге образы қазіргі біздің қоғам үшін аса маңызды. Сондықтан да сіздердің бұл сериалдарыңыздан үлкен, ұлтқа берер дүние, көрерменге берер, өзіміздің ұрпағымызға берер дүние күтеміз.
Фильмде танымал актерлармен қатар кино әлеміне енді аяқ басып жатқан жастар да бар. «Ақ жеңге» телехикаясы «Хабар» телеарнасының жаңа маусымында көрерменге жол тартады.
Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев