Пусанда қазақ мәдениеті таныстырылды

Оңтүстік Кореяның екінші ірі қаласы – Пусан тұрғындары қазақ мәдениетімен танысты. 

Онда дәстүрлі Дүниежүзілік азаматтар фестивалі өтіп, оған еліміздің Бас консулдығы белсене қатысты. Биыл бұл шара Пусан теңіз портының 150 жылдығына орайластырылды. 

Фестивальде Пусан тұрғындарын Қазақстанның мәдениетімен қазақ диаспорасының өкілдері мен студенттер таныстырды. Еліміздің Бас консулдығының павильонында туристік нысандардың көрмесі ұйымдастырылып, викторина өткізілді. Сұрақтарға дұрыс жауап берген келушілерге шоколад сыйға тартылды. Ұлттық киімдер мен аспаптарды Пусан ұлттық университетінің бірінші курс студенті, Алматыдағы музыкалық мектептердің бірінің түлегі Диар Ерғазин таныстырды.

Чо Су Хён, Пусан қаласының тұрғыны:

- Мен викторинаға қатысып, Қазақстанның алманың отаны екенін білдім, бұл мен үшін нағыз жаңалық болды. Жалпы бұл ел өзінің экзотикалық атмосферасымен мені бұрыннан қызықтыратын, бірақ бүгін оның көпқырлы мәдениетімен және аумағының қаншалықты үлкен екенімен жақынырақ танысу өте әсерлі болды.

Дүниежүзілік азаматтар фестивалі Пусанда осымен жиырма бірінші рет өтіп жатыр. Биыл билік өкілдері шараны Пусан теңіз портының аумағындағы саябақта өткізуді жөн деп тапқан. Бұған Оңтүстік Кореяның бас теңіз қақпасының 150 жылдық мерейтойы себеп болды. Айтулы датаға орай ұйымдастырушылар жүз жиырма павильон ашты. Онда 36 елдің өкілдері өз мәдениетін паш етті.

Чон Йон У, Пусан жаһандық қала қорының бас директоры:

- Қазіргі уақытта Пусан халқының саны 3 миллион 300 мың адамды құрайды, ал қалада 100 мыңға жуық шетелдік азамат тұрады, бұл жалпы тұрғындардың шамамен үш пайызы. Осындай фестивальдердің арқасында шетелдік резиденттер, соның ішінде Қазақстан азаматтары Пусанға жақсырақ бейімделіп, бұл жерде бақытты өмір сүре алады деп үміттенемін, біз бұл үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

Пусандағы Дүниежүзілік азаматтар фестивалінің маңызы артып келеді. Бұл туу көрсеткішінің төмендеуіне және соңғы 10 жылда мегаполистегі шетелдіктер санының 41 пайыздан астамға өсуімен байланысты. Өзге елдердің азаматтарын тарту қала билігі үшін стратегиялық міндетке айналды. Жұмыс күшінің тапшылығын толтырып, экономиканы ынталандыру үшін Пусан мэриясы қолдау бағдарламаларын, субсидияларды және жергілікті жоғары оқу орындарының түлектері үшін ұзақ мерзімді визаларды белсенді түрде енгізуде.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян