Алматы GITF 2026 көрмесінде үздік мәдени туристік бағыт атанды

Фото: gov.kz

Алматы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтіп жатқан GITF 2026 халықаралық туристік көрмесінде «ең танымал мәдени туристік бағыт» номинациясы бойынша марапатқа ие болды, деп хабарлайды «24KZ». 

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, бұл жетістік халықаралық қауымдастықтың қалаға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетіп, Алматының әлемдік туризмдегі беделін одан әрі күшейте түсті.

Көрмені ұйымдастырушылардың дерегіне сүйенсек, ауқымды іс-шараға әлемнің 55 елінен және өңірлерінен өкілдер келіп, 1000-нан астам туристік ұйым мен компания бас қосты.

Алматы ұлттық нақыштағы стендпен таныстырылып, қазақ мәдениетінің элементтері мен заманауи мультимедиялық шешімдер арқылы ұсынылды. Қала делегациясы туристік бағыттарды, ұлттық гастрономияны, мәдени мұраны және халықаралық туризм мүмкіндіктерін таныстырып, шетелдік туроператорлар, әуе тасымалдаушылары мен серіктестермен келіссөздер жүргізуде.