Аралдық мұғалімнің алюминий қалбырдан жасаған ұлттық әшекейі байқауда бірінші орын алды
Арал өңірінде қоқысқа тасталатын алюминий қалбыр көздің жауын алатын ұлттық әшекейге айналып жатыр.
Көркем еңбек пәнінің мұғалімі қалдықты кәдеге жаратудың тың әдісін ойлап тапты. Шығармашыл ұстаз республикалық байқауда топ жарды.
Сәнді тұмар, нәзік шашбау, шекелік пен белдік. Сырттай қарағанда күміспен күптелген, бағалы металдан құйылғандай әсер береді. Бірақ бұл кәдімгі сусын ішіп, далаға тасталатын алюминий қалбырлар. Қоқысты кәдеге жаратудың тың тәсілін Арал ауданындағы №71 орта мектептің мұғалімі Нұржан Балов ойлап тапқан. Ізденімпаз ұстаздың қолынан бүгінде жүзден астам зергерлік бұйым шықты. Бос құтыны балқытпай, ерекше өңдеу технологиясы арқылы екінші өмір сыйлаған.
Нұржан Балов, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
- Облыстық семинарда ең алғашқы көрсеткен болатынбыз, сол кезде өзінің жоғары бағасын алды. Одан кейін енді өнер иірімсіз болмайды дейді ғой, сол себепті түрлендіруге тура келді. Одан кейін «Табиғатты аяла» деген конкурс бар, жылда болатын. Соған байланысты жұмыстар жасап жатырмыз, осы бос құтыларды пайдаланып. Бір жағынан ол экологиялық бастама болды ғой. «Таза Қазақстан» деген, мысалға, жобалар болды. Соған әртүрлі іс-шаралар өтеді оқушылармен.
Бүгінде ауыл мұғалімінің бұл экологиялық бастамасы республикалық деңгейде мойындалып үлгерді. Әдетте қоқыста жататын металл қалдықтар қазір үлкен көрмелердің төрінін орын алған. Ұстаздың «Мектептегі эко-дизайн» идеясы үздік педагогикалық жоба ретінде бағаланды.
Салтанат Абдуллаева, мектеп директоры:
- Осы оқу жылында ұстазымыздың үлкен жетістігі — өзінің бұйымдары арқылы, осы қалдық заттардан әшекей бұйымдарын жасап, «recycle» әдісі арқылы республикалық педагогикалық идеялар фестивалінде бірінші орынды жеңіп алды. Бұл біздің мектебіміз үшін үлкен мақтаныш. Әріптесіміздің еңбегі барлық ауданның ұстаздарына, өзіміздің мектебіміздің оқушыларына үлгі.
Жасыл экономика мен ұлттық құндылықты тең ұстаған білім ошағында қазір «Қайта өңдеу – таза болашақ» атты ауқымды жоба басталды. Аралдық жастар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, ұлттық қолөнердің қыр-сырына қанығуда.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Мұзарапшин