Comic Con Astana фестивалі туристерді көбейтуге мүмкіндік берді

Comic Con Astana фестивалі туристер легін еселеуге мүмкіндік берді.

Нақтырақ айтқанда, «оқиғалық туризмді» қарқынды дамытып жатыр. Халықаралық мерекеге бірінші күні 16 мың адамның қатысуы соның айғағы. Бұл күндері Астанадағы қонақүйлер, хостелдер, мейрамханалар мен дәмханаларға сұраныс артып, қала экономикасы едәуір өсіп қалады. Туристерге ұмытылмас әсер, жарқын естеліктер сыйласа, ал елдің креативке қашан да есігі айқара ашық екенін іспен дәлелдеп келеді.

Жастар жыл сайын Астанаға келуге асығады. Оған себеп Comic Con фестивалін сағынады. Сөйтіп, тамыз айында қалада бейтаныс адамдар қаптайды. Олар заманауи поп-мәдениет пен гик-мәдениет өкілдері. 

Валерия Хасаншина, қатысушы /Арқалық қаласы/:

- Үш жыл бойы асыға күттім. Жолға, Comic Con-ға алдын ала ақша жинадым. Әрқашан ұмытылмас эмоция сыйлайды. Келгеніме өкінген кезім болған емес. Бұнда тек ел ішінен емес сырттан арнайы келетіндер де көп. Бір қызығы тез тіл табысамыз. Біраз дос таптым.

Бегімай Бекболатқызы, қатысушы /Бішкек/:

- Біз үшін жұлдыздарды көріп қалуға үлкен мүмкіндік. Мұнда интерактивті оқиғалар көп. Әртүрлі аумақты аралап көрдік. Ал қаланың ажары бөлек әңгіме. Ғимараттар арасы тығыз орналаспаған. Еркін серуендеуге ерекше орындар жетерлік екен.

Биыл рекорд. Comic Con Astana 2026 фестиваліне алғашқы күні 16 мың адам қатысты. Бұл шараның жаһанға жайылып, жанарларды жаулап жатқанының айғағы. Оның үстіне Голливуд пен әлемдік киноның танымал актерлері жанкүйерлермен сұхбаттасып, қолтаңба қалдырып, фотоға түсіп, кештің көркін қыздыра түседі.

Дарина Демян, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының басқарушы директоры:

- Comic Con жәй ғана фестиваль емес. Бүгінде бұл жаһандық мәдени құбылысқа айналды. Бастапқыда комикстер фестивалі ретінде ашылғанымен қазір кино, сериал мен бейне ойындар және гиктер жиынтығы десек болады. Осы шара біздің астанамызды әлемдік поп мәдениетпен жалғаған көпір іспетті. Осылайша қаланың жарқын, заманауи әрі жастарға қызық форматты қарсы алуға дайын екенін көрсеттік.

Comic Con фестивалі Астананы басқа қырынан танытты. Саяси шешімдер қабылданатын қала ғана емес, ойын-сауық өткізуге қолайлы орта екенін де дәлелдеді. Бұл Орталық Азияда оқиғалық туризм ретінде оқ бойы озып тұр. 

Нысаналы Ығыл, Диас Қобыланбаев