Шолпан Каринова: Әлеуметтік желілерде тарихқа қатысты бұрмаланған ақпарат таралуда

фото: ЖИ арқылы өңделді

Депутат Шолпан Каринова Қазақстан тарихына қатысты жалған және бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыруды ұсынды. Бұл мәселе «Әділет» партиясы фракциясының Мәдениет және ақпарат министріне жолдаған депутаттық сауалында көтерілді, деп хабарлайды 24KZ.

Депутаттың айтуынша, қазіргі кезде тарихи санаға әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың ықпалы артып келеді. Әсіресе жастар Қазақстан тарихына қатысты ақпаратты TikTok, Instagram және YouTube сияқты платформалардан жиі алады.

Осыған байланысты тарихи тақырыптағы контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыру қажет. Сондай-ақ тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдау ұсынылды.

Шолпан Каринова Қазақстан тарихын жастарға заманауи әрі түсінікті форматта насихаттайтын жобаларды іске асырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тарайтын жалған немесе бұрмаланған тарихи ақпаратқа кәсіби тұрғыда жедел жауап беретін жүйе қажет екенін айтты.

Мемлекеттік ақпараттық саясат та осы бағытқа басымдық беруі керек. Ол тек мемлекеттік бастамаларды жариялаумен шектелмеуі тиіс. Ақпараттық саясат тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық құндылықты дәріптеуге және елдегі өзгерісті дұрыс түсіндіруге қызмет етуі қажет. Бұл әсіресе жастар үшін маңызды. Өйткені бүгінгі ақпарат ертеңгі қоғамдық көзқарасқа әсер етеді, - деп атап өтті депутат.

Осыған байланысты Үкіметке:

  • ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындауды;
  • Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыруды;
  • тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдауды;
  • TikTok, Instagram және YouTube платформаларында Қазақстан тарихын заманауи форматта насихаттайтын жобаларды іске асыруды;
  • тарихи тақырыптағы жалған және бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыруды ұсынды.

Сондай-ақ оқыңыз: