Франциямен мәдени байланыс кеңейеді
Қазақстан мен Франция мәдени мұраны қалпына келтіру және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді.
Жаңа бастама Парижде Қазақстан мәдениеті күндері аясында өткен жиында талқыланды. Отырыста отандық өнерпаздардың Францияға гастрольдік сапарын ұйымдастыру мәселесі де сөз болды.
Париждегі басқосуда мұражай саласындағы нақты бастамалар кеңінен талқыланды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Азамат Белқайыров екіжақты мәдени байланыстарды одан әрі дамытып, кеңейту керектігін айтты. Қазақстанның Ұлттық музейі Астанада халықаралық конференция өткізіп, француз зерттеушісі Жозеф-Антуан Кастаньеге арналған көрме ұйымдастыруды ұсынды. Лувр және Бранли мұрайжаларымен ынтымақтастық орнату қарастырылды.
Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры:
- Өз мәдениетімізді, тарихымызды таныстыру – бірінші. Сонымен қатар екінші – әрине бізге де осындай үлкен-үлкен музейлердегі атақты жәдігерлерін бізге әкеліп, көрме ұйымдастыру – осы халықаралық келіссөздердің ең басты мақсаты.
Эммануэль Казареру, Жак Ширак атындағы Бранли музейінің президенті
- Музейіміз – тек көрме алаңы ғана емес, театр, би және басқа да қойылымдар өтетін мәдени орталық. Бұдан бөлек ғылыми бөліміміз бар. Сондықтан зерттеу саласында да бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік мол.
«Қазқайтажаңарту» өз кезегінде мәдени мұра нысандарын 3D құжаттау мен лазерлік сканерлеу технологияларын қолдана отырып, бірлесіп зерттеу мен мониторинг жүргізуді ұсынды. Ал кітапхана саласында құжаттық мұраны сақтау, қалпына келтіру және цифрландыру бағытында ынтымақтастық орнату көзделіп отыр. Болашақта жекелеген топтамалар бойынша ортақ жобалар жүзеге асыру жоспарланған.
Күміс Сейітова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:
- Президенттің жарлығына сәйкес осы цифрландыру бағытына ұлттық жоба жасау бағыты қолға алынды. Соның аясында осы Францияның тәжірибесін қолдану бойынша мәселені қарастырамыз.
Адель Паррилла, Memorist компаниясының сыртқы байланыстар және институционалдық мәселелер жөніндегі директоры:
- Біз қазақстандық әріптестерімізбен құжаттық мұраны сақтау, қалпына келтіру және цифрландыру саласындағы тәжірибемізбен бөлісуге, сондай-ақ мамандарды даярлауға көмектесуге дайынбыз.
Сахна өнері саласында да жаңа бастамалар көтерілді. «Астана Опера» театры Франциямен шығармашылық байланысын нығайтып, гастрольдік жобаларды дамытуға дайын екенін жеткізді. Ұсыныстардың бірі Қазақстандық хореограф Сұлтанбек Ғұмардың «Томирис» атты жаңа толықметражды балетін Парижде сахналау болды.
Александр Совостьянов, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры:
- Қазақстан театрларының сахналарында француз авторлары мен режиссерлерінің шығармалары кеңінен ұсынылған. Ендігі мақсатымыз – отандық режиссерлер, балет әртістері, дирижерлер мен опера әншілеріне Францияда өнер көрсетіп, спектакльдерге қатысуларына мүмкіндік жасау.
Тифен Дю Ростю, Париж операсының мәдени жобалар және халықаралық даму жөніндегі жетекшісі:
- Мұндай серіктестікті әртістер мен техникалық мамандарға арналған шеберлік сабақтары, тәжірибе алмасу және тағылымдамалардан бастауға болады. Тағы бір бағыт – Париж операсы мен Қазақстан театрларының тарихи мұрасы мен сахналық костюмдерін таныстыратын бірлескен көрмелер ұйымдастыру.
Қос ел кино саласында бірлесіп фильм түсіру, оларды Еуропа нарығына шығару, аударма және дубляж жасау жұмыстарын одан әрі жалғастырмақ. Франция тарапы Қазақстанмен ынтымақтастыққа жоғары баға беріп, мәдениеттің түрлі салаларында бірлескен жобалар өз жемісін беріп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ креативті индустрия саласындағы серіктестікті кеңейтуге дайын екендіктерін жеткізді.
Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы, Руслан Өміржан