Қазақ классикалық өнерінің өрісі кеңейіп келеді
«Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымы шетелге гастрольге қызу дайындалып жатыр.
Италиядағы әйгілі Карло Феличе театрының сахнасында қазақстандық өнерпаздар «Щелкунчик» және «Жизель» балеттерін ұсынады. Тағы бір сапар Гонконгқа жоспарланған. Әртістер белді халықаралық фестиваль аясында Ролан Петидің туындыларын орындайды. «Астана Опера» ұжымы ұлттық опера өнеріне деген қызығушылық жылдан жылға артқанын атап өтті. Жастар мен шетелдік көрермендердің қарасы көбейген. Қазір әртістер жаңа маусым аясында «Чарли мен Ирен» спектаклі және «Томирис» ұлттық балетінің тұсаукесерін әзірлеп жатыр. Мәдениет пен шығармашылық индустрияны дамыту – Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі. Былтыр Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени мұраны сақтаудың және заманауи мәдениетті қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінде бұл міндеттер театр өнерін дамыту арқылы жүзеге асып отыр.
Еренбақ Тойкенов, «Астана Опера» режиссері:
- Біздің театр енді әлемдік кеңістікте өзінің орнын тауып жатыр. Театрдың солистері болсын, тіпті өзіме қатысты айтсам, шетелде өнер көрсетеміз. Өзім Вена қаласында болып келдім былтыр. Ол жақта да біздің театрды танып жатыр, сол біздің мемлекеттің қолдауының арқасында. Көптеген біздің әріптес театрларымыз біліп жатыр. Сондықтан етене жұмыс істеп әрі қарай үлкен дамудың үстіндеміз деп ойлаймын.