Қытайда жыр алыбы Жамбылдың 180 жылдығы аталып өтті
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мұрасы Қытайда дәріптелді. Ақынның 180 жылдығына арналған мәдени іс-шара Бейжіңде ұйымдастырылды.
Оның өмірі мен шығармашылығы Қытай жұртшылығына кеңінен таныстырылды. Бұл заттың бәрін Жамбыл Жабаевтың өзі пайдаланған. Көзілдірігінен бастап, телефон, қамшы, ер-тоқым, киген шапаныны, тіпті аяқ-киіміне дейін тұр. Көрмеге келушілерге ерекше әсер еткен де осы құнды жәдігерлер болды.
Манат Насен, Алтай қаласының тұрғыны:
- Керемет! Міне, 90 жыл өтсе де, үнін сол қалпында сақтаған. Әлі де сол кейінгі ұрпаққа жетіп, 90 жыл өтсе де, ұрпақтары тартып тұрмыз. Керемет жағдай. «Саған бұйырып тұр екен!» Рақмет!
Жылжымалы көрмеге ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасынан сыр шертетін 100-ден астам экспонат қойылды. Оның ішінде бірегей фотосуреттер, тарихи картиналары, кітаптары мен медаль-марапаттары бар. Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мәдениет саласының өкілдері, тарихшылар, зиялы қауым, жергілікті тұрғындар қатысты.
Салтанат Жамбылова, Жамбыл Жабаевтың немересі:
- Мұның өзі біз үшін үлкен мәртебе. Кешелі бері өте жоғары бағаланып жатыр. Бүгін, міне, ашылу салтанатына қатысып жатырмыз. Өте қуаныштымын. Енді жалғыз менің атам емес, ол кісі – бүкіл қазақ халқының атасы.
«Жамбыл – ғасыр ақыны» іс-шарасы Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталды. Тағлымды көрме қазақ халқының ұлттық құндылықтарын қытайлық көрерменге кеңінен таныстырды.
Ануар Үмбетәлиев, Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:
- Екі елдің мәдени байланысын нығайтып, дамыту мақсатында өтіп отыр. Қандастарымыз осы Бейжің қаласында тұратын болғандықтан, кешелі бері келіп жатыр. Өте жоғары қызығушылық танытуда. Олар Жамбылды жақсы таниды, оның жырларын жырлайды. Сондықтан неге осы жерге алып келіп, көрсетпеске?
Мәдени шараның екінші кезеңі концертке ұласты. Ұлттық аспаптар күмбірлеп, ән шырқалды. Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары арнайы дайындалған музыкалық бағдарламасын ұсынып, қалың көрерменнің ықыласына бөленді. Ал Қазақстанның Бейжіңдегі мәдениет орталығы көрерменге лық толды.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы