Бауыржан Момышұлы музейінің қорында 900-ге жуық жәдігер сақталған

Бауыржан Момышұлына арналған музейді ең алғаш ауылдастары салғанын білесіз бе? Нысан сонау 1995 жылы батырдың туған жерінде бой көтерген. Қазір мұражайда батырдың көзі тірісінде пайдаланған жеке заттары мен құнды жәдігерлері сақтаулы. Тарихи-мәдени кешенге келушілердің де қарасы қалың, деп хабарлайды 24KZ.


Бауыржан Момышұлы музейі батырдың туған жері — Көлбастау ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан. Нысанның құрылысы 1995 жылы басталған. Оған қажетті қаржыны ауыл тұрғындары өздері жинаған. Кейін еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қаржының арқасында мемориалдық кешен құрылысы толық аяқталды. Сол игі істің басы-қасында жүрген азаматтардың бірі — Аманжол қария.

Аманжол Дүрәліұлы, Б. Момышұлы ауылының тұрғыны:

— Әлем білген тұлғаны ел білуі керек. Ұрпақ білуі керек. Бір Қазақстанға емес, алты Алашқа әйгілі азамат. Сол жерде оның есімі мен еңбегін дәріптейтін бір белгі тұруы керек. Осындай жағдайды ескере отырып, ел болып, жұрт болып, жалпы халық болып қаржы жиналды ғой. Естіген бір нәрсе, ал көзбен көрген – бір басқа. Көзбен көріп, ғибрат алу деген сөз. Оны қолымен ұстап көріп, осы жерде сондай ұлы адамның болғанын біліп, естіп, ұғып өссе, бала, Құдай қаласа, келешекте өзі де бір тұлға болып өседі.

Қазір кешен мемлекет меншігінде. Музей қорында Бауыржан Момышұлының көзі тірісінде қолданған 900-ге жуық жәдігер бар. Олардың қатарында оқыған кітаптары, киімі, ас ішкен ыдыстары мен баспа машинасы және компасы, хаттары сақталған. Батырдың мұрасы туған жерінде мектеп қабырғасынан бастап дәріптеледі.

Айдана Шораева, Б. Момышұлы музейінің қызметкері:

— Бауыржан атамыз анасының бейнесін әжесінің айтуы бойынша салған. Сонымен қатар өзінің киген киімдері, жазған ескі кітаптары, жұмыс кабинетінде отырған креслосы, келіні Зейнеп апамыз қолданған кір жуғыш машинасы сияқты заттардың барлығы – тарихи жәдігерлер. Бұдан бөлек, өзінің қолымен жазған кітаптары да сақталған.

Арнұр Тоқтасын, оқушы:

— Ол кісі өте мінезді болған. Біз енді түлек болғаннан кейін, алдағы өмірімізде ешқандай қиындыққа сынбай, соңына дейін әрекет етіп, Бауыржан Момышұлы атамыз сияқты әр салада табандылық танытып, осы өмірде өз орнымызды тапсақ екен дейміз.

Мұхит Беркімбаев, оқушы:

— Жуалыны «генералдар өлкесі» деп бекер атамайды. Себебі біздің Жуалы ауданымыздан 9 генерал шыққан. Біз де аталарымызға еліктейміз, олардың іс-әрекетін үлгі тұтамыз. Олар сияқты мінезі мықты болып, болашақта Отанымызды солар секілді қорғағымыз келеді.

Бауыржан Момышұлы — тек батыр ғана емес, ақын-жазушы, педагог, шежіреші және әскери академик. Батыр сарбаздарға рух беру үшін, жазушылар мен баспагерлерден соғыс даласына кітаптар мен өлеңдерді жіберуді сұраған. Бауыржан Момышұлы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовпен де хат арқылы байланысып тұрған. Зерттеушілердің дерегінше, екі тұлға сегіз рет хат алмасқан.

Әлімбай Найзабаев, Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері:

— Абайдың бірінші кітабын оқып, олар: «Мынау – қазақтағы тұңғыш кітап. Мұндай кітап әлі шыққан жоқ. Өте көркем, жақсы жазылған. Алайда мұның ішінде мен бір нәрсемен келісе алмаймын. Сіз Абайды көтеремін деп, Құнанбайды кемсіткенсіз. Құнанбай – мемлекет құруға ұмтылған адам. Сіз осы жерін саясатқа айналдырыпсыз», – деп таңғалып жазған. Ал Әуезов: «Мен сенің әділ сындарыңмен келісемін. Бұлай тік айтатын адамдар қазір бізде жоқ. Сондықтан сенің әділ сындарыңды мен көңіліме алған жоқпын», – деген сөздері бар. Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша, ол хаттар жойылған жоқ, бір жерде сақтаулы тұр. Сол хаттарды тауып, зерттеп білгіміз келеді.

Бауыржантану орталығының қызметкерлері әскери жазушының әлі де жарық көрмеген деректерін іздестіруде. Мамандардың айтуынша, батырдың 1963 жылғы Куба сапарындағы дәрістері әлі күнге дейін құпия сақталып отыр. Батыр мұрасын зерттеушілер енді сол елге барып жаңа деректерді іздеуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: