Джеки Чан Қазақстандағы түсірілім жұмыстарын аяқтады

Әйгілі актер, режиссер Джеки Чанның «Доспехи Бога: Ультиматум» атты халықаралық киножобасының Қазақстандағы түсірілім жұмыстары аяқталды.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрінің және жоба авторларының қатысуымен өткен баспасөз брифигінде мәлім болды. Жиында басты рольді сомдаған Джеки Чан кинотуындының ерекшелігін, отандық киногерлермен бірлесе атқарған жұмыс барысын баяндап, түсірілім алаңындағы қызықты сәттермен бөлісті. Сондай-ақ Қазақстанда халықаралық фильмдер түсіруге барлық қажетті жағдайдың жасалғаны да тілге тиек етілді.

Джеки Чан, режиссер, актер:

- Кеше біз фильмді толығымен аяқтадық. Фильмнің түсірілімі басталған сәттен соңғы күнге дейін іштей түйгенім: бұл менің осы уақытқа дейін бірге жұмыс істеген ең үздік түсірілім топтарымның бірі. Әдетте біз Қытайдан, Гонконгтан тыс жерде, басқа елде, басқа қалада фильм түсірген кезде үкімет қаншалықты қолдау көрсетсе де түсірілім барысында түрлі мәселелер туындап жататын. Ал Қазақстандағы түсірілім барысында іс жүзінде ешқандай кикілжің болған жоқ. Тек өзім екі рет жарақат алып, сүйегімді сындырып алдым. Дегенмен, Қазақстан Үкіметіне, арнайы полиция қызметкерлеріне, қауіпсіздік мамандарына, бүкіл түсірілім тобына — баршаңызға үлкен алғыс айтқым келеді. 

Айта кеткен жөн, бұл фильм – қазақстандық Salem Entertainment компаниясының алғашқы халықаралық жобасы. Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытайдың мемлекеттік кинокомпаниясының қолдауымен түсірілді. Түсірілім Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында өтті. Ресми ақпаратқа сүйенсек, туынды келер жылы киноэкранға жол тартпақ.

Сондай-ақ оқыңыз: