Voice Of Nowruz: қазақ қызы Оңтүстік Кореяда топ жарды

Қазақ қызы халықаралық вокал байқауында жеңіске жетті.

«Корея – Орталық Азия» ынтымақтастық форумының хатшылығы ұйымдастырған «Наурыз дауысы» байқауына іріктеу қаңтар мен наурыз аралығында өткен. Алдымен үміткерлер жұмысын электрондық пошта арқылы жіберген. Мұқият сараптаудан өткен финалистер қазылар алқасының алдында өнерін Сеулдегі сахнада паш еткен.

«Юрак» - «Жүрек» әнімен жиырма бес жастағы Ви Е Гён «Наурыз дауысы» байқауында екінші орын алды. Бұл – оның мюзикл әртісі ретінде сахнадағы алғашқы қадамы. Музыкалық университетті екі ай бұрын ғана бітірген Е Гён сахнада алғаш рет өзбек тілінде ән шырқады.

Ви Е Гён, мюзикл әртісі:

– Мен әнді таңдағанда мағынасын білмедім. Бірақ маған әнші Шахзоданың «Юрак» әні ұнады. Ең қиыны – мәтінді жаттау. Сайысқа дейін мен Орталық Азия туралы ештеңе білмедім десе де болады.

Ал Пэк Джи Ённың «Ұмытпа» әні қазақстандық Айдана Тоқмұрзановаға жеңіс әкелді.

Екатерина Ан, қазылар алқасының мүшесі:

– Бізге оның тембрі, шеберлігі, корей тілінде ән айтылуы мен эмоционалды әсері ұнады. Айдана 1-орынға лайықты деп санаймын.

Айдана Алматыдағы университетті ағылшын тілінен аудармашы мамандығы бойынша тәмамдады. Ал Кореяға осыдан бір жыл бұрын жұбайымен келді. Өмірлік сыңары Пак Чон Бокпен 5 жыл бұрын Қазақстанда танысқан. Жолдасының көмегімен корей әнін акцентсіз орындап шықты.

Айдана Пак, Voice Of Nowruz байқауының жеңімпазы:

– Бастауыш сыныптарда мерекелерде өлен айтатынмын. Кәрістер қай елденсің деп сұрайды. «Қазақстан» десем ешкім білмейді. Қырғызстан, Өзбекстанды бәрі біледі, бірақ Қазақстанды білмейді. Қазақстанды білулеріне кішкене болса да үлесімді қосқым келді.  

Осылайша Айдана мен Чон Бок Қазақстан туралы корей және ағылшын тілдерінде блог жүргізуге шешім қабылдаған.

Пак Чон Бок, Айдананың жұбайы:

– Кәрістер «Қазақстан» сөзін естігенде, Африкада, Америкада немесе Еуропада ма сұрайды. Мен Азиядағы ел екенін айтамын. Сосын менің туыстарым ғана емес, басқа адамдар да Қазақстан туралы білу керек деп шештік. Мен YouTube-қа бейнелерін қалай жасау керек екенін біліп, Қазақстан туралы бейнелерді жүктей бастадым. Қазір бізде 5 мыңға жуық жазылушы бар.

Жеңіске жеткеннен кейін Айдана танымал продюсерлік компаниямен келісімге отырып, өнер жолын бастады. Алғашқы әннің сөзін Пак Чон Бок жазып берген.

Айдана Пак, Voice Of Nowruz байқауының жеңімпазы:

– Кішкентай кезімнен ән айту, әнші болу арманым болды. Енді кішкене болса да жақындаған сияқтымын арманыма. Одан кейін 20 мың, 30 мың кәріс болсын, Қазақстан туралы білсе екен деген үмітім бар.

Владислав Цой, Ольга Лян