Түркі жұрты тәуелсіздікті тойлап жатыр

Түркияда тәуелсіздікке арналған іс-шаралар легі жалғасуда. Бұл жолы Анкарада қос бірдей кітаптың тұсауы кесіліп, шығармашылық көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды Хабар 24.

«Тәуелсіздік – тұғырым! Құдіретім – қылқалам» Осындай атаумен Анкарада Қазақстанның тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында шығармашылық көрме өтті. Түріктің ұлттық кітапханасында өткен іс-шараға қоғам қайраткерлері, ғалымдар, шетелдік дипломаттар мен қала тұрғындары қатысты. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен өткен кештің авторы – Суретшілер одағының мүшесі, Көркемсурет академиясының академигі Жанұзақ Мүсәпір.

Оның айтуынша, Анадолы астанасында ұйымдастырылған көрменің мақсаты – туыстас халыққа қазақ халқының дәстүрі мен тәуелсіз елдің деңгейін көрсету.

Жанұзақ Мүсәпір, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

– Біздің тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына әрбір қазақ баласы, әрбір қазақстандық қолынан келгенше атсалысу керек деп ойлаймын. Осы мақсатта, Қазақстанда да бірнеше көрме өткіздім. Енді міне, түркі тілдес ағайын түркі елінде өткізгенді жөн көріп, міне бүгін осы Анкараның төрінде, ұлттық кітапханада көрмемді ашқалы отырмын.

Көрмеде көне түркі жазуларымен қатар қазақтың тұрмыс-тіршілігі, түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістан бейнелеген туындылар қойылған.

Бұдан бөлек, тәуелсіздікке арналған іс-шарада қос бірдей кітаптың тұсауы кесілді. Біріншісі Жанұзақ Мүсәпірдің шығармаларынан құралған альбом кітап болса, екіншісі күллі түркінің ортақ тұлғасы Әл- Фараби жайлы. Әлем мойындаған екінші ұстаз жайлы романның авторы – Мүрсел Гүндоғду.

Мүрсел Гүндоғду, жазушы:

– әл-Фарабидің өмірі және шығармашылығын жастайымнан зерттеп-зерделеймін. Тақырып бойынша диссертациямды да қорғап шықтым. Оның тағдырын түркі жұрты білсінші деген ниетпен осы романымды жазып шықтым. Онда әл-Фарабидің жастық шағынан басталған тағдыры баяндалған. Мұндай маңызды тұлға жайлы кітаптың тұсауын Қазақстандық бауырлармен бірге кесу мен үшін үлкен мәртебе.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған іс-шаралар легі мұнымен шектелмейді. Желтоқсаның соңына дейін бірнеше кітап жарық көріп, Түркияның шартарабында тәуелсіздік тойы аталмақ.

Авторы: Меруерт Қанағат