Елордада Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған концерт өтеді

Елордада Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған концерт өтеді

«Астана Опера» еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиға – қазақтың сопрано дауысты әйгілі әншісі, Қазақстанның Халық әртісі әрі Халық қаһарманы, КСРО Халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығын атап өтеді. «Асыл арман» мерейтойлық концерті 30 наурызда К.Байсейітова атындағы Камералық залда болады.

Сондай-ақ ересектер мен ең жас тыңдармандарды «Мәңгі өшпес Амадеус» жаңа концерттік топтамасының премьерасы мен мазмұнды Балаларға арналған классикалық музыка апталығы күтеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

– Халқының ерке қызы Роза Бағланова – бұл тұтас бір дәуірдің ұлттық нышаны: ол әлемдік деңгейдегі айтулы орындаушылармен бір сахнада қатар тұрып, халықаралық мемлекет және қоғам қайраткерлерінің біразымен жеке таныс болды, Қазақстан композиторларының шығармашылығы мен қазақ халық әндерін әйгілеу мен дамытуға үлкен үлес қосты. Роза Бағланованың майдан даласында мерейін үстем еткен концерттері оның өмірбаянының өте елеулі кезеңдері болды. 1941 жылдың жазында ол Мәскеу консерваториясына жолдама алған, алайда соғыс басталып, ол майданға аттанды және әртістер бригадасының құрамында сарбаздардың алдында тура алдыңғы лекте өнер көрсетті, Берлинде Жеңіс концертіне қатысты, – деді «Астана Опера» опера труппасының директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі жанкештілігі мен қайсарлығы үшін Роза Бағланова «Жауынгерлік ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін ол үлкен сахнаға бүкіл халыққа даңқы шыққан ең атақты әншілердің бірі болып оралды, КСРО-да көпшілікті мойындатқан тұңғыш қазақ әртісі болды. Роза Бағланованың шығармашылық жолы қазір де «Астана Опера» театрының жас солистері мен қалыптасқан сахна шеберлеріне жаңа жетістіктерге бағыт беруде.

– Өмірінің 70 жылын сахнаға арнаған Роза Бағланова шетелге сан мәрте гастрольмен барған, концерттермен 54 елде болған. Оның дарынының жан-жақтылығы ерекше таңданыс туғызады: әнші ретіндегі белсенді қызметінен бөлек, Роза Тәжібайқызы өзін кинода да сынап көрген, сондай-ақ қазақ тіліндегі өмірбаяндық кітаптың авторы атанды, – деді театрдың музыкалық кеңесшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері пианист Раушан Бескембирова.

Роза Бағланованың әншілік дарыны туралы барша қазақстандық біледі. Барлық уақытта халық оны жоғары бағалады, кеңестік заманда да, егемендік жылдарында да ол ең жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Бұл «Халық қаһарманы», төрт дүркін – түрлі елдердің Халық әртісі, ең жоғары ордендер, медальдар мен сыйлықтар, халықаралық байқаулар мен фестивальдердің дипломдары мен жүлделері. Ұлы әнші жайлы көптеген кітаптар жазылып, поэтикалық шығармалар өмірге келді, фильмдер түсіріліп, оның есімі «Кімнің кім екені» ағылшын-америкалық энциклопедиясының әлем әйелдері жайлы алғашқы санына енді.

– Осынау ержүрек тұлғаның барлық еңбектерін тізіп шығу қиын, ол бүгінде бәріміз – классикалық, сондай-ақ заманауи жанр әртістері үшін шабыт көзі мен өнеге болып табылады. 30 наурызда көктемнің кешінде «Астана Опера» театрының солистері Роза

Тәжібайқызының ауқымды репертуарынан шығармалар орындап, ұлттық музыкалық өнер аңызына құрмет көрсетеді, – деп пікірімен бөлісті Азамат Жылтыркөзов.