«Әлішер Науаи және қазақ әдебиеті» кітабы жарық көрді

 «Әлішер Науаи және қазақ әдебиеті» кітабы жарық көрді

Өзбекстанда жазушы Қалдыбек Сейдановтың екі жаңа кітабы жарық көрді. Ол қалың оқырманға «Әлішер Науаи және қазақ әдебиеті» атты еңбегімен қатар, өзбек тілінде жазылған «Қандашлар», яғни бауырлар жайлы туындысын ұсынды.

Айта кетейік, Қалдыбек Сейданов биыл 80 жасқа толды. Қаламгер өнегелі өмір жолында 23 кітаптың авторы атанды. 740-тан астам мақала жазды. Оның басым бөлігі қазақ тілінде жарияланды. Қазақ пен өзбектің ұлы тұлғалары Абай мен Науаи арасындағы байланысты зерттеді. Сондай-ақ жазушы Өзбекстандағы қазақ мектептеріне арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын шығарды.

Қалдыбек Сейданов, жазушы:

– Көп еңбектер жаздым. Екі халықтың достығын жырладым. «Абай және Орта Азия әдебиеті», міне, соның бәрі сонда кең өріс алған. Енді биыл Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы болады. Соған қазір Мұхтар және Орталық Азия әдебиетін дайындап жатырмын. Және тәлімдік ғибратнамалар бар. Жасым 80-ге келгеннен кейін жастардың тәрбиесіне көп көңіл болемін. Оны оқыған балалар ұлы тұлға боп қалыптасады деп ойлаймын.