Қазақстанда Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісі жабылады

Еліміздегі Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісі 1 сәуірден бастап жабылуға мәжбүр. Өйткені Голливуд компаниялары Ресеймен арадағы байланысты тоқтатты. Ал қазақстандық кинокомпанияның жұмысы ресейліктермен тікелей байланысты. Яғни дубляждалған дайын өнімдерді Мәскеуден алып отырған.

«Сондықтан келесі айдан бастап, кинотетарлар есігін жабуға, тура келеді», - дейді компания директоры Алмаз Малдыбаев.

Карантин кезінде біраз қиындықтарға тап болған Kinopark және Kinoplex кинотеатрлар желісі тағы да жабылуға мәжбүр.

«Голливудтық компаниялардың Ресейден кетуі бізге де өз ықпалын тигізді. Шетелдік компаниялармен тікелей жұмыс істеудің де жолдарын қарастырып көрдік. Бірақ әзірге нәтижесіз», - дейді отандық компанияның басшысы Алмаз Малдыбаев.

Алмаз Малдыбаев, KINOPARK және KINOPLEXX кинотеатрлар желісінің директоры:

- «Дисней», «Сони» компанияларының өкілдеріне хат жаздым. Қазақстанға бұл киноларды беру мәселесі шешілсе жақсы болар еді деп. Бірақ бұл сұрақтар сол Америкада, Европада  орналасқан компанияларға байланысты деп отыр да. Солардан енді жауап күтіп отыр.

Компанияның банк алдында берешегі, сауда үйлерімен жалға алу жөніндегі келісім-шарттары бар. Бұған қоса компанияда істейтін 800 адамның жалақысын беру керек. Сондықтан бұрынғы киноны қайталап немесе отандық киноны ғана көрсету өздеріне тиімсіз екенін айтады компания басшысы

Алмаз Малдыбаев, KINOPARK және KINOPLEXX кинотеатрлар желісінің директоры:

- Ертең астанада Мәдениет министрімен кездесу болады. Сол жерде үлкен талқылау болады. Осы сұрақты көреміз мемлекет тарапынан қандай көмек бізге мүмкін екенін. Біз өз тарапымыздан сұрақтар дайындап жатырмыз қазір.

Жылына 300 кейде 500 фильмге дейін көрермен назарына ұсынып келген Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісі осылайша сәуір айынан бастап өз жұмысын тоқтатады. Қызметкерлердің барлығы ақысыз демалысқа кетеді. Ал кинотеатрлардың қашан ашыларын дәл қазір ешкім білмейді.

Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев