Алматыда «Tiger Films» киностудиясы жаңа туындыны қолға алды

«Мой парень – инопланетянин» фантастикалық фильмінің түсірілімі басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жер мен өзге ғаламшар арасындағы байланыс, махаббат және шытырман оқиғаға толы туындының түсірілімі алдағы аптада басталады. Шығармашылық топ жаңа жобаға сәттілік тілеп, дәстүр бойынша тарелка сындырды. «Tiger Films» киностудиясы осындай дәстүрмен кезекті киноның түсірілімін бастады. Бұл жолғы ценарий бұрыңғылардан өзгеше. Нақтырақ айтсақ, қиял-ғажайып жанрындағы туынды махаббатпен ұштастырылып түсіріледі.

Ален Ниязбеков, фильм режиссері:

Фантастика – қазақ киносында толық қалыптаспаған жаңа жанр. Біз комедиядан әрі қарай жаңа жанрға бет бұрдық. Осылайша «Мой парень - инопланетянин» фильмі жаңашылдыққа толы болады деп ойлаймын. Фильмде екі ғаламшардың байланысы көрсетіліп, махаббатпен ұштасады.

Қиял-ғажайып жанрдағы фильмнің басты рөлдерін актер Бауыржан Сатов пен Жұлдыз Өмірғали сомдайды. Жер шары мен Тигарден жұлдызы арасындағы байланыс қос кейіпкердің махаббатымен жалғасады. Бұдан басқа да негізгі рөлдерде Дәурен Серғазин, Жахан Отарғалиев және Қайрат Әділгерей ойнайды.

Дәурен Серғазин, театр және кино актері:

– Менің кейіпткерім сол балалық шағындағы арманы бар, қиялы бар. Өзінің арманына ғашық, өзінің арманына сенетін адамның бірі. Өзге ғаламшарлықтарға қатты сенетін, қатты іздейтін. Солармен күресіп, соларды аңдып осындай ізденісте жүрген кейіпкер.

Рано Умарова, фильм продюсері:

– Бұл қазақстандықтардың сүйікті фильмдерінің бірі болады деп ойлаймын. Өйткені махаббат пен фантастиканы жұптастырамыз. Актерлер құрамы шебер әрі танымал адамдардан құралған. Түсірілім Алматы қаласы мен облысында болады, негізінен шағын қалаларда түсіреміз.

2021 жылы құрылған «Tiger Films» киностудиясы бүгінге дейін үш комедиялық фильмді көрерменге тарту етті. Олар елімізден өзге Қырғыстан мен Әзірбайжанда көрсетілген.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев