Еуразия кинофестивалінде қазақстандық авторлар топ жарды

Лондонда өткен Еуразия киносының тәуелсіз фестивалінде қазақстандық авторлар үздік деп танылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Журналист, жазушы Наталья Махноның «Бифуркация нүктесі» шығармасы «Ең үздік сценарий», Ділшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» анимациялық фильмі «Көрермендер көзайымы» аталымдары бойынша марапатталды. Еуразиялық шығармашылық гильдиясы коммерциялық емес ұйымы ұйымдастырған кинофестиваль биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Оған 11 елдің өкілі қатысып, барлығы жиырма бес туынды ұсынылды. «Ең үздік сценарий» аталымы бойынша қазақстандық шығарма топ жарды.

Питер Бланд, қазылар алқасының мүшесі:

Наталья Махноны жеңісімен құттықтаймыз. Бірнеше жақсы сценарийлер болды, бірақ «Бифуркация нүктесі» шығармасы өзінің шынайылығымен басым түсті. Сценарийге жас қыздың тағдыры және оның махаббат сезімі арқау болған.

Сценарий авторы Наталья Махно фестивальге келе алмады. Украиналық босқындарды қабылдап үлгермей жатқан Ұлыбритания билігі виза беру уақытын ұзартып тастаған. Сондай-ақ шарада Қазақстандық мультипликатор Ділшат Рахматуллин де болған жоқ. Оның «Бесік жыры» қысқаметражды анимациялық фильмі «Көрермендер көзайымы» аталымына ие болды.

Спенсер Хоукен, фестиваль ұйымдастырушысы:

Қатысушылардың шығармашылығына тәнтіміз. Әсіресе Орталық Азия өкілдерінің. Біз өз кинотеатрларымызда батыстық фильмдерді көп көреміз. Бірақ осындай байқаулар Орталық Азия және посткеңестік елдердің кинотуындыларын тамашалауға зор мүмкіндік береді және бұл өте маңызды.

Еуразия киносының тәуелсіз фестивалі 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Ол Орталық Азияның және посткеңестік елдердің авторларының еңбектерін көпшілік назарына ұсынып жүрген жалғыз британиялық шара. Жыл сайын байқау әлемнің түкпір-түкпірінен келген жүздеген талантты режиссер, актер, продюсер, сценарист және мультипликатордың басын қосады.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы