Астанада ШЫҰ-на мүше елдер қорғаныс министрлерінің кеңесі өтті
Шанхай ынтымақтастық ұйымы әскери-саяси блок емес.
Ал қорғаныс саласындағы әріптестігіміз өзге елдерге қарсы бағытталмаған. Бұл жөнінде бүгін ұйымға мүше мемлекеттер қорғаныс министрлерінің кезекті кеңесінде Қазақстанның қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов айтты. Бұл жиын Астанада еліміздің төрағалығымен өтті. Оған Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және құрметті қонақ ретінде шақырылған Беларусь мемлекеттерінің өкілдері қатысты.
Айта кету керек, биыл Иран кеңеске ұйымның толық мүшесі ретінде алғаш рет қатысып отыр. Шара барысында тараптар өңірлік, халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, әріптестік аясын кеңейту жайын талқылады. Кеңес соңында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.
Сонымен қатар ұйымға мүше мемлекеттердің қорғаныс министрлері елордада «Достық аллеясына» ағаш отырғызды. 2024 жыл Қазақстанның бастамасымен Шанхай ынтымақтастық ұйымында Экология жылы болып жарияланғанын еске салып өтейік.
Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:
- Қорғаныс саласындағы әріптестігіміз өзге елдерге қарсы бағытталмаған. Кеңестің жұмысы аймақта тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуді көздейді. Біз терроризммен күресу үшін бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуді әрі қарай да жалғастырамыз. Тағы ұйымға мүше мемлекеттер әскери-тарихи музейлер арасындағы ынтымақтастықты арттыруға келісті. Кеңес қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылып, бірқатар маңызды құжат қабылданды.