Шымкенттің үздік студенттері Абай еліне аттанды

Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің үздік студенттері «Абай еліне саяхатқа» аттанды. Олар сегіз күндік сапарда 5 облыс, 10 елді мекен, 30-дан астам тарихи-мәдени нысанды аралап, 4 мың шақырымды жүріп өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саяхатшы студенттер әуелі көне Тараз шаһарына аялдап, Балқаш – Қарағанды – Қарқаралы – Семей – Аягөз – Талдықорған – Қонаев және Алматы қаласына ат басын бұрады. Семейдегі һәкім Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайымен танысады. «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніне арнайы барып, Әуезовтің туған жеріне табан тірейді. Студенттер заңғар жазушының шығармашылығына үңіліп, өмір дерегін байыптайды. Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына арналған сапар шәкірттердің ғылымға деген қызығушылығын арттырады  - дейді оқытушылар.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы университеттің ректоры:

- Бұл жерде тек қана сапарға шығу емес. Негізгі мақсат балалардың дүниетанымын өзгерту. Бұл жерде филология факультетінің балалары да, тарих  факультетінің балалары да сонда өздерінің ізденісін ғылыми айналымға түсіремін деген балаларымыз да кетіп бара жатыр.