loader

Ертең елордада «Бабалар аманаты – ұрпаққа мұра» атты мерекелік концерт өтеді Elana.kz

Ертең елордада «Бабалар аманаты – ұрпаққа мұра» атты мерекелік концерт өтеді

Мерекелік бағдарлама Балалар жылы мен Астана күніне арналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қарашаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің ұйымдастыруымен, Байқоңыр ауданы әкімдігі, Тілдер және архив ісі басқармасының қолдауымен өтетін шара ұлттық дәстүрмен үндеспек.

Аллеяға жиналған қала қонақтары мен тұрғындары алдымен шағын мерекелік концертке куә болмақ. Іс-шара барысында ұлттық бұйымдар тігуден шеберлік сыныбы өткізіледі. Әжелер дәстүрімен ұршық иіру, тоқыма тоқу сияқты әдемі көріністер де ұсынылады. Балалар асық ойнап, ләңгі теуіп, ұлттық ойындарға ден қояды. Сондай-ақ кішкентай көрермендерге арналған ертегі кітаптар сыйлыққа беріледі.

Мерекелік шараны ұйымдастырушы «Қарашаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Саттарқызының айтуынша, ұлттық құндылықтар негізінде ұрпақаралық сабақтастықты көрсету, санамыздан көмескіленіп бара жатқан ата-әже институтының орнын, баланы шығармашылыққа баулудың маңызын, ұлттық ойындар арқылы салауатты өмір салтын ұстанған бақытты, дені сау, әрі ең бастысы саналы ұрпақ өсіру қажеттігіне назар салу – басты мақсат. Өйткені салт-дәстүр – ұлттық болмысымызды айқындап, жаһандану заманында өз бет-бейнеміз бен қадір-қасиетімізді сақтап қалар жалғыз қалқан, дейді.

Сондай-ақ шара барысында балалар туындысының авторы Венера Ғайнуллинаның қазақша боямақтарының көрме-жәрмеңкесі, этнодизайнер Мәдина Қуандықтың қолынан шыққан ұлттық бұйымдардың сатылым көрмесі өтпек.