М. Әуезовтың кітабы жарық көрді

М. Әуезовтың кітабы жарық көрді

Мұхтар Әуезовтың Америкаға сапары Кеңес Одағы мен АҚШ үкіметінің арасындағы «Мәдени, техникалық және білім саласындағы қарым-қатынас» туралы келісімнің нәтижесі болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

60 жылдан астам уақыт өткен соң АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауымен қазақ және ағылшын тілінде жарық көріп отыр.

Кэролайн Сэвидж, Алматыдағы АҚШ Бас консулы:

-  Кітапты үлкен қызығушылықпен оқыдым. Ол екі елдің тарихындағы ең қызықты кезеңдер туралы әсер қалдырды. Осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын АҚШ пен Кеңес Одағы екі ел арасындағы мәдени байланыстарды құру арқылы өзара түсіністікке қол жеткіземіз деген келісімге келді. Мұхтар Әуезовтің осындай мәдени қарым-қатынастың алғашқы делегациясының құрамында болуы үлкен бақыт деп есептеймін.

Жазушы Американың әртүрлі салалардағы жетістіктерін, табиғатының әсемдігін, америкалықтардың тұрмыс-тіршілігін қағаз бетіне түсірген. Кітаптың тұсаукесерінде Мұхтар Әуезовтың жолсапар жазбаларынан үзінділер оқылды. 

Дияр Қонаев, Әуезов мұражай-үйінің директоры:

- Мұхтар Әуезов Американың  ең ірі қалаларын аралады. Ол Вашингтонда, Нью-Йоркте, Бостонда, Феникс қаласында, Аризона штатында болды. Ол тіпті Дисней Лэндке барды, Голливудта болды, университеттерде, мектептерде көптеген кездесулер өткізді, сонымен қатар Вашингтондағы АҚШ Конгресінің кітапханасында болып,  америкалық жазушылармен жеке кездесулер өткізген.

Қазақ және ағылшын тілінде жарық көрген «Америка әсерлері» кітабын «Кітап.кз» платформасынан қыркүйек айының соңына дейін тегін оқуға болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон