Тіл ғылымына түрен салған Байтұрсынов

Ахмет Байтұрсынұлы тіл терминдерін жасауда қандай кемеңгер болса, қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап көрсеткен ғалым. Тіл мен әдебиет ғылымын бір-бірінен бөле-жара қарамаған. Ғұламаның ғұмырын зерттеп жүрген ғалымдар қазір бірқатар тың деректердің табылып жатқанын айтады.

Ал, сан саланы қазақ руханияты үшін бір арнаға тоғыстырған ғалымның «мәдениет тарихы» туралы жазған қолжазбалары сақталмай қалған.

Дихан Қамзабекұлы,  алаштанушы ғалым:

- Ахаң тек қана тіл білімінің ғана маманы емес, ол кісі гуманитар соның ішінде мәдениет, әдебиет руханият саласы бар. Соның жол көрсеткіш тұлғасы. Әдебиет танытқыш еңбегін біз қайта парақтауымыз керек. Ахаңның мұрасының ішінде «Мәдениет тарихы» деген үлкен еңбегі табылмай тұр. Оған байланысты қолжазбасынан оқығандар бар. Оны баспа бетінде жарық көрмеген. Біз сол мұраны іздегіміз келеді.

Ахмет Байтұрсынұлы - Араб әліпбиін оңайлата отырып төте жазуды құрған  кемеңгер тұлға.  Бұл тарихта  «Байтұрсынұлы жазуы» боп таңбаланды. Сөйтіп, жан-жақты жүйеленген «Тіл құралы», «Оқу құралы»,  «Әліпби», «Жаңа әліпби» оқулықтары күллі қазақ балаларының зейінін ашатын мұраға айналды. Олай дейтініміз қазіргі «Әліппе» оқулығының өзі Ахмет Байтұрсынұлының түпнұсқа негізімен шығарылған.

Шерубай Құрманбайұлы, Филология ғылымының докторы:

- Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері, мысалы әліппе қайтадан сол кісінің әдістемесі бойынша қайтып оралып жатыр. Сол сияқты пән сөздері, терминдер біздің әдебиет терминдері ретінде тіл мен әдебиет пәндері ретінде бүкіл негізгі тіректері ретінде қолданып жүр. Әдебиеттану ғылымының негізін қалаған.

Ахметтанушылар, тіл ғылымына ерекше түрен салған ғалымның ұстанымын қазіргі қазақ мектептеріне енгізу қажет, дейді. Тек тіл саласының ұстаздары ғана емес, жалпы  жаратылыс тану салаларының мұғалімдері де  Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын игеруі керегін айтады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Артур Горшняков