Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде дөңгелек үстел өтті

Қазақтың көрнекті ағартушысы, ғалым, публицист, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде қазақ студенттері және диаспора өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кездесуде олар Байтұрсынұлы мұрасы қазақ халқының рухани мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылатынын, ол қазіргі қазақ тілінің дамуына зор ықпал еткенін, қазақ жазуын араб графикасы негізінде реформалағанын еске салды. Байтұрсынұлы - отандық лингвистиканың негізін қалаушы және алғашқы қазақ оқулықтарының авторы.  Ұлт ұстазының өмірбаянынан қызықты деректер айтылды. Шығармашылығы туралы деректі фильмді тамашалап, өлеңдерінен үзінді оқыды.

Бағдат Әлімханқызы, халықаралық қатынастар магистрі:

- Ахмет Байтұрсынұлының жастарға арнап жазып кеткен еңбегі де мұрасы да мол сол асыл мұрасын жадымызда жүрегімізде жаттау ол біздің тек міндетіміз ғана емес, үлкен мәртебе. Жүз елу жыл толып отырған мерейлі жыл бәрімізге құтты болсын. Әрине, мұндай біртуар азаматтар қазақ тарихында саусақпен санарлақтай. Осындай ерекше азматтарымыздың мұрасын дәріптеу біздің борышымыз, парызымыз.

Талғат Мықтыбаев, Мәскеудегі қазақ ұлттық-мәдени автономиясының вице-президенті:

- Тілім деген мұңы, елім деген мұңы, жұртым деген мұңы өте мықты болған. Абай атамызға ұксап, ол да еліміздің жанашыры. Жиырмасыншы ғасырдың басында алфавитті араб тілінің негізінде жасап, қазақ тілінің фонетикасын, синтаксисін енгізіп, еліміздің касиетін көтерейін деген талпынысымен жазған еңбектері күшті болды. Соны бүгін талқыладық.