loader


Алматыда «Дос-Мұқасан» фильмінің премьерасы өтті

Алматыда «Қазақтың битлзы» атанып кеткен әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы көркем фильмнің премьерасы өтті. Көрсетілім Aport Mall-да орналасқан Kinoplexx 7 кинотеатрлар желісінде болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ эстрадасының төріне жарқ етіп шығып, күні бүгінге дейін сахнаның сәні болған ансамбль әндерінің барлығы тыңдарманның сүйікті композициясына айналды. Музыка саласының майталмандары туралы көркем туынды жарты жылдан аса түсіріліпті. «Дос-Мұқасан» тобын 1967 жылы Павлодар облысында құрылыс жасағында жүрген Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Александр Литвинов, Хамит Санбаев құрып, алғашқы концерт береді. Ансамбль атауының осы жас жігіттердің есімдерінің бастапқы буындарынан құралғанын аға буын жақсы біледі. Көркем фильмде достық, махаббат, өнер сайысындағы жеңістері мен қиындықтарды қалай еңсергені баяндалады. «Түсірілім жұмыстары қызық болды», – дейді актерлер.

Елдос Шайкенов, актер:

35 дубльді бір кадрмен түсірілген эпизод бар, сол қиындыққа ұшырады. Ол жерде біз екі күн дайындалдық. Бір күн басынан аяғына дейін 50 секундтық сахна түсірдік. Әрқайсымызға жекелей аспаптар үйретілді.

Жалпы рөлдерге «Дос-Мұқасан» ансамбліндегі әр өнер иесінің бейнесін аша алатын, келбеті келетін жас актерлер таңдалған. Көркем туынды жарты жылдан аса түсіріліпті. Маусымдық сахналар, актерлердің музыкалық шеберлігін шыңдау - фильмнің ажарын аса түскен. Картинада өзге де танымал әншілер көрсетілген. Мысалы, ансамбльмен бірге ән айтқан Құрманай Омарова образы да бар.

Айғаным Сағынбаева, актриса:

– Біріншіден, Құрманай Омарова 1994 жылы дүниеден озған. Мен сол жылы дүниеге келгем. Ол мен үшін үлкен әсер қалдырды. Екіншіден, мен ол кісінің «Сағындым сені» клипін көрген кезде өзімнің көзімнен сол кісінің көзін көрдім.

Ансамбльдің орындауындағы «Той жыры», «Әпитөк», «Назқоңыр», «16 қыз» сынды әндері әлі күнге тыңдарманның жүрегінде. Фильм қалың көпшілікке арналған. «Дос-Мұқасан» картинасын Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінен көрулеріңізге болады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев

Сондай-ақ...