А.Байтұрсынұлы туралы «Соңғы үкім» киножобасы көрерменге жол тартады

Бүгін еліміздің Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен ұлт ұстазы, «Алаш» қозғалысының қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында мемлекеттік органдардың басшылары мерейтой аясында атқарылып жатқан ғылыми-зерттеу, ағартушылық, мәдени-бұқаралық бағыттағы жұмыстар жайында баяндады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің хабарлауынша, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлық тағайындалды. Түрлі ғылыми конференция ұйымдастырылып, ескерткіштер ашылды. 4 тілде «Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» кітабы жарық көрді. Енді жыл соңына дейін «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі әзірленбек. Сондай-ақ жақын арада Ұлт ұстазының өміріне арналған «Соңғы үкім» киножобасы көрерменге жол тартады. Отырыс қорытындысы бойынша Ерлан Қарин Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағын әзірлеп, Түркістан қаласында Халықаралық түркітанушылар конгресін ұйымдастыруды тапсырды.