Қазақтың Ортеке биі ЮНЕСКО тізіміне енді

Осы айдың басында қазақтың Ортеке биі  ЮНЕСКО тізіміне енгізілген болатын.  Біріккен ұлттар ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйым өкілдері ортекені ерекше мәні бар,  бірегей өнер деп есептейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда қазір бұл өнер  ұмыт болып бара жатыр. «Ортекені »  қайта жаңғыртып, насихаттап жүргендер саусақпен санарлық. Солардың бірімен әріптесім Дәуренбек Бағдәулетұлы жүздесіп қайтты.  

Он жасар  Нұржас Мұхамеджанов Қарағандыдағы екінші оқушылар сарайына келіп, өз қолымен қолөнер жасағанды ұнатады. Қазір ұстазы Жастүлекпен ортеке жасап жүр. Осындағы еңбек үйірмесіне 37 бала жазылған. Соның ішінде тек Нұржас ортекені өз қолымен жасап шыққан.

Нұржас Мұхаметжанов, оқушы:

- Ортекені 3 апта бұрын бастағам, жасауын. Оны жасап біткен соң маған домбыра керек болды. Сосын мен домбыра үйірмесінің мұғаліміне айтқам, сонда жазылып, мені үйретті.

Жастүлек Сауғабеков, еңбек пәні мұғалімі:

- 37 бала бар өзімде. Солардың бәріне үйретіп жүрмін. Жалғыз ортеке ғана емес, домбыра өнері де бар. Ортеке ата-бабалрымыздан қалған,домбырамен сәйкестіндіріп жасаған затқой, соны балаларға үйретіп жатырмын. Жасаудың қиыншылықтары да бар.

Күмбірлеген күй ырғағымен ойнақтай жөнелетін ортеке өнері қазір нағыз архаизмге айналғаны хақ. Қарағандыдағы өнер мектебінің оқушылары Әлібек пен Ислам сол ескі өнерге қызығушылық танытқандардың бірі. Домбыра сыныбына баратын 40-қа жуық баланың ішінде тек екеуі ортекені билете алады. Бірегей өнерге деген құштарлығын былай деп түсіндіреді.

Ислам Еркінов, оқушы:

- Менің ойымша, бұл қызықты, себебі оның механизмі ерекше, домбыраны қозғаған кезде билегені қызық. Менің достарым осыны алғаш көргенде таңқалды. Олар бұл қалай жұмыс істейді, қалай билеп жатыр деп сұрақ қойды.

Әлібек Орынтай, оқушы:

- Өзімді қазақ болып сезінемін да, содан кейін домбыра тартып үйренемін деп мақсат қойдым өзіме. Бүгінгі күні оншақты күй білемін.

Ортеке биі ЮНЕСКО тізіміне енгізілгеннен кейін енді оны танымал етіп насихаттау жұмыстары да артуы керек. Осы мақсатта облыстық тарихи-өлкетану музейі келер жылы осы өнерді игерген барша өнерпаздардың басын қосып конкурс өткізбек.  Еске салсақ, осы жолы Ортеке мен қатар «Қожанасырдың әзіл әңгімелері» де ЮНЕСКО тізіміне енген болатын.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар