Австрияда Ұлттық өнер университетінің мерейтойы аталып өтті

Әйгілі композитор Моцарттың отанында қазақ халқының ән-күйі мен қазіргі заман музыкасы шырқалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша Австриямен дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған мерекелік шаралар аяқталды. Ұлттық өнер университетінің мерейтойы аталып өтті.

Мынау аты аңызға айналған Зальцбургтегі Моцарт музыкасы академиясының концерт залы. Бүгін осы тарихи сахнада қазақстандық шеберлер өнер көрсетті.

Концерттік бағдарламада қазақ ұлттық музыкасы мен қазіргі заманғы туындылары қамтылды. Халық әртісі Айман Мұсаходжаева әлемдік классиктердің шығармаларын орындады.

Айман Мұсаходжаева,  Қазақстанның халық әртісі:

- Мұнда дыбыстың естілуі керемет. Зальцбургтегі салт-дәстүрлер сонау замандарды еске салады. Бүгін де сол түрлі дәуірдегі шығармаларды орындайтын боламыз.

Әйгілі музыка академиясында танымал композитор Рахат-Би Әбдісағын да өз шығармаларын орындады. Әйгілі музыкант тарихи залда өнер көрсету мәртебесіне ие болғанына қуанышты.

Рахат-Би Әбдісағын, композитор, пианист:

- Менің фортепианолық оркестрге арналған Құбылыс атты симфониялық поэмам қазақ халқынан шыққан Әбу-Наср әл-Фараби, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев сынды еліміздің ұлы тұлғаларына арналады.

Жергілікті көрермендерге қазақстандық музыка жаңа жылға керемет сый болды.

- Концерт тамаша болды. Бүгін осы залға келген әрбір көрермен керемет әсер алғанына сенімдімін. Жастар өте талантты екен. Қазақ халқының ұлттық музыкасын жақын танып, білгеніме өте қуаныштымын.

- Біз бұл концертке сонау Германиядан арнайы келдік. Ғажап кеш болды. Бәрі өте әдемі ұйымдастырылған.

Бүгінгі кешпен екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған мерекелік шаралар аяқталды. Салтанатты кеш Еуропаның қақ жүрегінде Ұлы дала музыкасын сүйер қауым қатарын арттырғаны анық.

Авторы: Әлия Сыздықова