Қонаев қаласында М. Мақатаевтың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті

Бүгін – қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевтың дүниеге келген күні. Осы айтулы датаға орай Қонаев қаласының оқушылар Мұқағалидың жырларын жатқа оқыды. Ақиық ақынның шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Жерлестері еске алып, көзкөргендер естелік айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қонаев қаласындағы мектеп-гимназияның оқушылары Мұқағали Мақатевтың өлеңдерін жатқа біледі. «Поэзия, менімен егіз бе едің» атты әдеби-сазды кешке барлық сынып оқушылары белсенді қатысты. Ақын замандастарының естелігінде Мақатаевтың балғын балалық шаққа сағынышы, балаларға мейірімді болғандығы айтылады. Ол балаларға арнап көптеген өлең арнады. Шығармасы ондаған тілге аударылды. Әдеби кеште бірінші сынып оқушылар да ақын атасының өлеңдерін жарысы жырлады.

Айәсел Әділхан, оқушы:

- «Шеше, сен бақыттысың жыламағын! Жай түсіп жатқанда да құламадың. Тәңірден мен едің ғой сұрағының, сондықтан жыламағын, жыламағын».

Алтыншаш Жақиянова, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі:

- Мұқағалидің кереметтігі сол. «Мен өлең оқи алмай қалдым, неге оқымаймын» деп жаңа бір балалар жылап жүр. Уақыт жетпей жатыр. Міне, сондық-ақ Мұқағалидың бүкіл адамзаттың жүрегін жаулап алған өлеңдері мәңгілік өшпейді деп ойлаймын. Мұқағалидің рухы биік болсын. Аты өшпесін.

Қазақтың лирик ақыны Алматы облысындағы Қарасаз ауылында 1931 жылы дүниеге келген. Ақын поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, замана тынысы, замандастарының арман-аңсары болды. Ал оның өлең сөздеріне жүздеген ән жазылған. 

Авторлары: А. Садуақас, А. Дүйсембаев.