«Қыз Жібек» фильміне бұйымдар жасаған зергердің көрмесі өтіп жатыр
Қостанайда әйгілі «Қыз Жібек» киносына бұйымдар жасаған зергер Леонид Игошиннің көрмесі өтіп жатыр.
89 жасында дүниеден өткен шебер негізінен металмен жұмыс істеген. Кеңес заманында Үкімет тапсырысымен атаулы мерейтойларға, мемлекет басшыларына арнап сыйлықтар дайындады. Сегіз халықаралық көрмеге қатысып, шетелдік мамандардың жоғары бағасын алған. Көрмеге суретшінің облыстық өлкетану музейіндегі дүниелері қойылды. Келушілер әр затты қолмен ұстап көре алды. Мыс қаңылтырға шекіп жасалған «Шайқас», «Шабуыл», «Қобыз зары» секілді дүниелер жаугершілік заманынан сыр шертсе, «Тың» панносынан мал баққан қазақ пен дән егіп, масақ терген мұжықтың қоңсы бола бастаған кезі бейнеленген. Леонид Игошиннің көрмесі наурыз айының соңына дейін жұмыс істейді.
Дина Өміржанова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
- Көбіне үлкен кісілер келеді. Зергерлік бұйымдарды сұрап. Қандай бұйымдар? Сатылымда бар ма деп. Қызығушылық көп. Бұл кісінің көп дүниесі Алматы, Мәскеу қалаларында сақталған.