Қарағандыда жарапазан айту салты жаңғыра бастады
Жарапазан жаңғыра бастады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастауымен «Жарапазан жырын айту» эстафетасы кеңінен тарап жатыр.
Ұмыт бола бастаған бұл дәстүрге ел іші де риза. Ұлттық салтты ұлықтауда әсіресе қарағандылықтар белсенді. Мұндағылар құмай тазы ертіп, қыран-бүркіт алып, ел ішінде ескі жырды айтып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жарапазан – Рамазан келгенде сүйіншілететін, кей жерлерде сәресіне ояту үшін айтылатын жыр шумақтары. Кезінде ұмытылып қала жаздаған дәстүр қазір Қарағанды көшелерінде қайта жаңғырды. Қыран бүркіт пен құмай тазыны ерткен топ қара домбыраға баянды үндестіріп, ел аралап жүр. Шығармашылық ұжым саябақтар мен ірі сауда үйлерінде жарапазан айтып жүр.
Естай Айтуғанұлы, ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша бас имамы:
- Жарапазан. Кей өңірде «жарамазан» деп те айтып жатады. Арабтың «Жә-Рамадан» деген сөзінен шыққан. Аудармасы «Рамазан келді» дегенді білдіреді. Қарағанды облысына қарасты барлық мешіттерде, аудан-қалаларда біз осы игі дәстүрді жалғастырдық. Жалпы, халықтың қабылдауы өте жақсы, басында ән бе, наурыз келді ма деген, дегенмен «Оразаң қабыл болсын ұстаған жан» деген сөздерді естіп, шыныменде Рамазанның келуін сүйіншілеп жатқанын түсініп жатыр.
Сауда үйлерінде әдетте абыр-сабыр болып жүретін жұрт жарапазанды естігенде тып-тыныш болады. Білетіндер өнерпаздарға сый-сыяпатын беріп кетеді. Егде жастағылар тіпті көздеріне жас алып, өнерпаздарға ақ батасын беріп жатты:
- Сіздерге рақмет. Жастарың ұзақ болсын, өмірлерің жайнай берсін. Қазақтың салт-дәстүрі жалғаса берсін. Жастар соны үгіттей беріңдер.
- Кішкентай кезімізде өзіміз де ауылдарда жарамазан айтқанбыз. Сонда сыйлық беретін, кәмпит-сәмпит дегендей, ақшалай беретін. Ұнап жатыр, өте күшті.
- Жарапазан бұрын айтаын, кейін ұмытылып кетті ғой, менің өзім қатты білмейді екенмін жарапазан туралы. Ұнайды өте жақсы.
Әдетте жарапазанды балалар айтатыны жасырын емес. Бірақ бұл топтың көздеген мақсаты бар. Ол – жақсылықты насихаттау.
Аслан Еркінұлы, жарапазаншы:
- Біздің орталықта бұл – бірінші қолға алынып жатқан дүние. Мешіттен имамдар хабарласып, сосын осы өнердегі достармен Алла разылығы үшін жарамазан айтуды бастадық. Бір пайда табу мақсатында емес, тағы айтайын, мешіттің атынан жақсылық тілеу, дінді дәріптеу мақсатында айтып жүрміз көпшілік жерге.
Ал мына шығармашылық топтың Париждің төрінде айтқан жарапазаны әлеуметтік желіде тарап, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді.
Бір қызығы, Араб пен Парсы елінде «жарапазан» деген ұғым жоқ екен. Бұл дәстүр көбіне түркі халықтарына тән. Содан-ақ діннен бұрын тұрмыстық жыр екені байқалады. Бірақ хақ жолды насихаттауға да өлшеусіз үлес қосқан, - дейді ғалымдар.
Ақеділ Тойшанұлы, фольклортанушы ғалым:
- Кеңестер одағы жылдарында, дінге тыйым салған кезде дінді, исламды насихаттайтын құрал, қайыр сұрайды, кедейлер айтатын жыр екен деді. Мұның бәрі жалған. Араб, Парсыға қатысы жоқ болса, бұл қайдан шыққан? Мұны Алаш зиялысы Халел Досмұхамбетұлы алғаш айтқан. Бұл – көнеден келе жатқан маусымдық, көктемде айтылатын өлең.
Қасиетті Рамазан айында жақсылықтың жаршысы болған «жарапазанның» жанданып келе жатқаны қуантады. Деседе әлі де болса насихаты кем. Кеңнен тараса, жарапазанды да ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізуге болады, - дейді ғалымдар.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.