Қазақтың опера әншісі Еуропаны тамсандырды
Қазақстандық опера әншісі Әлихан Зейнолла бір ғана орындауымен еуропалық талғампаз өнер сүйер қауымның ықыласына бөленді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жас өнерпаздың әншілік шеберлігіне тамсанғандардың қатарында әлемге әйгілі маэстро Эрнесто Паласио да бар. Қазір Әлихан Зейнолла Италия консерваториясына түсіп, Еуропаның бірқатар театрында өнер көрсетуге шақыртулар алды. Сондай-ақ жас дарын италиялық опера майталманы Анатолий Гусевтен тәлім алып жатыр. Болашақта әлемдік сахналардан көрінуді мақсат етеді.
Опера әлемінің маэстроларын тәнті еткен тағы бір қазақ теноры. 24 жастағы Әлихан Зейнолла осы орындауынан кейін атағы жер жарған әйгілі Эрнесто Паласионың назарын аударды. Ол – өткен ғасырдың ортасында дүниеге келген, Россини мен Моцарт туындыларын шебер орындауымен танылған перулық опера жұлдызы. Дәл осы Эрнесто Паласионың шәкірті әрі классикалық музыканың тағы бір белді өкілі Хуан Диего Флорес Әлихан Зейнолланы Италияға шақырды. Қазақ баласы Пезаро сахнасында «Реймске саяхат» атты операның басты рөлін сомдау мәртебесіне ие болды. Музыка сыншылары Әлихан Зейнолланың алдын-ала тыңдаусыз Италия сахнасында дебют жасауы заманауи қазақ өнерінің тарихындағы теңдессіз оқиға деп бағалады.
Анатолий Гусев, опера әншісі, маэстро:
- Мені «Астана опера» театрының солистерімен 1 ай жұмыс істеу үшін шақырды. Академияға түсуге емтихан тапсыру үшін алдыма түрлі адамдар келді. Бір күні жас бала келіп, өзін Әлихан Зейнолламын деп таныстырды. «Полк қызын» орындағанында бұл бірегей еуропалық дауыс екенін түсіндім. Білуімше, Қазақстан – әсем әуенді мекен. Әлихан орысша, французша, итальянша репертуарды айрықша орындап берді.
Ақтөбе қаласында ер жетіп, Шабыт университетін тәмамдаған, Астана Опера жастар академиясының солисі бүгінде маэстро Анатолий Гусевтен тәлім алып жатыр. Италиядан арнайы келген профессор класикалық музыканың жас орындаушысына ән айту техникасының қыр-сырын үйретіп, шеберлігін шыңдап жатыр.
Әлихан Зейнолла, опера әншісі:
- Өнердегі ең алғашқы ұстазым – колледж кезінде оқыған жас мұғалім Төлегенова Гүлжан. Сол кісіден 4 жыл тәлім алып, содан кейін ұстазым –болған профессор, Қазақстанның халық әртісі Қанат Нұрмұхамедович. Сол кісінің қолында 4 жыл тәлім алдым. Хор әртісі болып жүрген кезде шетелден Анатолий Алексеевич келіп, сәті түсіп, тағдырым оң жаққа бұрылған сәті болды өнер саласында. Жазда 1 жарым ай Италия елінің Россинини академиясында фестивалінда мен өнерімді паш етемін.
Әлихан Зейнолла сондай-ақ Милан тұсындағы Бергамоның Доницетти театрында тыңдалымнан сәтті өтті. Жас опералық әнші алғашқы келісімшартқа да қол жеткізді. Ол енді Венгриядағы Ференц Лист Академиясының залында өнер көрсетуге жолдама алды. Өнерпаз филармониялық оркестр мен хордың сүйемелдеуімен Джоакки́но Россинидің партиясын орындайды.
Зиру Жазықбаева, концертмейстер:
- Осы күндері біз Әлихан граф Альмавиваның партиясын орындайтын «Сібір шаштаразы» спектакліне дайындалып жатырмыз. Дайындық шамамен жарты жыл жүреді. Сахнада осы партияны алғаш рет орындайды, арманы десек болады. Қойылым сәтті өтетініне үміттенемін.
Концертмейстер Зиру Жазықбаеваның айтуынша, Әлихан Зейнолланың дауысы – сирек әуезді колоратурлық тенор. Ол классикалық туындыларды түпнұсқа тілінде мінсіз орындауға талпынып жүр. Ал маэстро Анатолий Гусев өз тәлімгерін қазақ мәдениеті мен опера өнерін жалғастырушы дарын иелерінің бірі санайды.
Анатолий Гусев, опера әншісі, маэстро:
- Бұл баламен қатар Еркінбаев Жандарбек, Ұлпан Әубәкірова, Димаш Көшкінбаевты айтуға болады. Олар үшін мен Италияны бір жылға тастап, осында келдім. Музыка жолында Әлиханмен табыстырған тағдырыма ризамын. Ұстаз, әке, демеуші ретінде бұл қазақ баласы кәсіби мансапқа көтерілуі үшін барымды саламын. Себебі ол лайықты!
Авторлары: Рухани Асқар, Ырыстанбек Оспанов, Ернар Демесін.