Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орай жазба ақындардың мүшәйрасы өтті
Атырауда Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орай жазба ақындардың республикалық мүшәйрасы өтті.
Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған сөз додасына еліміздің әр өңірінен 20-ға жуық ақын қатысты.
ХІХ ғасырда әділдік пен теңдік үшін күрескен Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған іс-шаралар легі республикалық мүшәйрамен басталды. Батыс пен Шығыс Қазақстаннан, Павлодар, Алматы, Маңғыстау облысынан келген қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынады. Алдымен ақындар баһадүр Батырға арнаған өз өлеңдерін оқыса, келесі кезеңде Махамбеттің 10 өлеңін жатқа айтты. Кейін қатысушылардың суырып салмалық қабілеті сынға түсті.
Әбу Жарқын, мүшәйраға қатысушы:
- Сонау Сарыарқадан ат шалдырып келгенде тегін келмегеніме көзім жетіп, әділдіктің шыңы орнағандай әсерде тұрмын. Сонау Кереку жеріне маңдайымыз жарық, жүзіміз нұрлы, қанжығамыз майлы болып қайтып бара жатқаныма қуаныштамын. Осындай өнер додаларында топ жарып жүре берейік!
Мүшәйраға елге белгілі ақындар, сөз зергерлері қазылық етті. Қатысушыларға әділ бағасын беріп, шығармашылық табыс тіледі.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
- Бүгінгі 19 ақынның ешқайсысы марапатсыз қалған жоқ. Бас жүлдені алған ақын да, бірінші орын алған ақындар, басқа да қатысушылар Әбу Сәрсенбаевтан басталған атақты ақындардың атындағы сыйлықты алған балалар да керемет, ерекше сезіммен оралады ғой деп ойлаймын еліне.
Мүшәйраға қатысқан ақындардың марапатсыз қалғаны жоқ. Жүлделі орындардан бөлек әр ақынға 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды.
Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин